Қазақстан Елшісі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің төрағасымен кездесті

ПАРИЖ, 2018 ж. 27 ақпан – Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің төрағасы Ли Бьонг-хюнмен кездесіп, беделді халықаралық ұйым аясында қазақстандық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты.

Атқарушы Кеңес ЮНЕСКО-ның басқарушы органы болып табылады және барлық мүше мемлекеттер құрайтын Бас конференциямен екіжылдық мерзімге сайланады. 2017 жылдың қарашасында оның төрағасы болып ЮНЕСКО жанындағы Корея Республикасының Тұрақты өкілі Ли Бьонг-хюн тағайындалды.

Кореялық әріптесін жауапты лауазымға сайлануымен және Пхенчхандағы Қысқы Олимпиада ойындарының сәтті аяқталуымен құттықтап, Ж. Ғалиев сұхбаттасын еліміздің дамуындағы өзекті басымдықтардан және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі халықаралық бастамаларынан хабардар етті. ЮНЕСКО қызметіне келгенде, Атқарушы кеңес төрағасының назары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және адамзаттың Материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне Қазақстан номинацияларын ілгерілетуді қоса алғанда әлемге төл мәдениетімізді насихаттауға бағытталған отандық дипломатия мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссия қызметіндегі негізгі аспектілеріне аударылды.

Ли Бьонг-хюн өз кезегінде халықаралық қауымдастықтағы Қазақстанның рөліне, соның ішінде Корея түбегі үшін ерекше көкейкесті ядролық қарусыздану мәселелеріне қатысты ұстанымына, жоғары баға беріп, екі елдің модернизациялық даму үлгілерінің кейбір ұқсастықтарына меңзеді. Ол сондай-ақ ЮНЕСКО-дағы және жалпы білім беру, ғылым және мәдениет саласындағы ұйымның негізгі құндылықтарын ілгерілетудегі Қазақстан тарапының белсенді қызметін атап өтіп, өзінің аталған бағыттағы тиімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар ЮНЕСКО-дағы жұмыс тәжірибесімен ұдайы алмасуға, осы маңызды халықаралық ұйымның әлеуетін бірлесе нығайтуға және оны барынша тиімді жұмсау жолында әрекеттесуге уағдаласты.

Қосылған : 27.02.2018, 18:00, Өзгертілген : 27.02.2018, 18:05