ҚР Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов пен «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Наталья Годунова Манчестер қаласына жұмыс сапармен барды

Е. Ыдырысов пен Н. Годунованың Ұлыбританияның аса ірі өнеркәсіп орталығы болып табылатын Манчестер қаласына сапары билік басындағы Консервативтік партияның жалпыұлттық конференциясына қатысуынан басталды. Конференция аясында Қазақстан Елшісі мен «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Ұлыбритания Консервативтік партиясының төрағасы Патрик Маклохлинмен, төраға орынбасары Алек Шелбрукпен, британ Парламентінің Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі көппартиялық тобының төрағасы Боб Стюартпен, депутат Пол Скаллимен, Қауымдар Палатасының халықаралық істер жөнінедгі Комитетінің төрағасы Том Тугенхэдтпен және басқа да танымал британ Парламентінің мүшелері мен жетекші консервативтік саясаткерлермен кездесті. Кездесулер барысында Қазақстан және Біріккен Корольдік арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ «Нұр Отан» және Ұлыбритания Консервативтік партиясының арасындағы байланыстарды нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Манчестерге сапары барысында Елші Е. Ыдырысов қаланың лорд-мэрі Э.Ньюманмен кездесіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жөніндегі бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, энергетика, озық технологияларды қолдану, инновацияларды, логистиканы, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Әлемдегі ең алғашқы өнеркәсіптік қала, ал бүгінде Ұлыбританияның аса ірі өндірістік және инженерлік-инновациялық кластер орталығы болып табылатын Манчестердің машина жасау, текстиль, химия және жеңіл өнеркәсіп, жаңармалы энергия көздерін дамыту және экономиканы сандық форматқа көшіру салаларындағы тәжірибесі қызығушылық туғызады.

Қазақстан және Ұлыбритания аймақтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында тараптар екі елдің технологиялық хабтары болып табылатын Манчестер және Алматы қалалары арасындағы іскерлік қатынастарды дамыту, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін де талқылады. Манчестер қаласы 1982 жылы ядролық қарусыз әлем идеясын ілгерілету мақсатында жаһандық бастама ретінде құрылған «Мэрлер бейбітшілік үшін» бағдарламасының белсенді мүшесі болып табылады.

Британияның ядролық қарусыз аймақ болып жарияланған алғашқы қаласының жетекшісі Э. Ньюман ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік және қарусыздану саласындағы белсенді ұстанымын жоғары бағалап, Мемлекет басшысының үлгісі ядролық қарусыз әлем идеясының әлемнің әр түпкіріндегі жақтастарын жігерлендіретіндігін атап өтті.

Манчестердің лорд-мэрі Қазақстандағы экономикалық және әлеуметтік реформаларға жоғары баға беріп, еліміздің халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін де атап өтті.

Сонымен бірге, қазақстандық дипломатиялық миссия басшысы түлектері мен қызметкерлерінің 25-і Нобель сыйлығының лауреаты атанған британдық үздік жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Манчестер университетіне барды. Е. Ыдырысов университеттің ұлттық графен институтында болып, жоғары оқу орнының проректоры Люк Георгиумен және институт директоры Владимир Фалкомен кездесті.

Кездесулер барысында Манчестер университетінің қазақстандық жоғары оқу орындармен ынтымақтастығының жоғары әлеуеті атап өтіліп, университет оқытушыларының еліміздің мамандарын тағылымдамадан өткізіп, оларға тренингтер мен мастер-кластар ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды. Британдық университет өкілдері университетте оқитын қазақстандық студенттердің көп екендігін атап өтіп, біздің студенттер мен еліміздің жоғары оқу орындарының қызметкерлерін ширек бағдарлама бойынша оқытуға және дайындауға ерекше ынталы екндіктерін жеткізді.

Манчестер университеті ғалымдарының 2004 жылы атомдардың бірлі-жарым қабатынан тұратын және құрыштан да берік материал болып табылатын графенді ашқанын атап өткен жөн. Болашақта энергияны өндіру және тұтыну жолдарын түбегейлі өзгертуге қабілеті бар графен Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрме кезінде таныстырылған болатын.

Елші Е. Ыдырысов пен «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Н. Годунованың Манчестерге сапары Манчестер университетінде оқитын Қазақстан студенттерімен кездесумен жалғасты. Қазіргі таңда университетте түрлі мамандықтар бойынша 100-ге тарта студент білім алуда.

Сапарының соңында Елші Е. Ыдырысов ежелгі скифтер, сарматтар және басқа да көшпелі тайпалардың рулық таңбасы болған рибчестерлік тамға сақталған Манчестер қаласының етегінде орналасқан Рибчестер мұражайына барды. 1970 жылдары Рибчестердегі археологиялық қазбалардың нәтижесінде табылған тамға қорғасыннан жасалған және майысқан сәндік үлгідегі пішіні бар. Тамға ағылшын Королі Артурдың Рибчестерде орналасқан әскерінің құрамындағы сарматтар тобының бірінің рулық белгісі болған деген болжам бар. Ол тайпалардың немесе жекелеген отбасылардың символы болып есептелген.

Қазақстан Елшісі Британ аралдары мен Ұлы Дала арасындағы тарихи байланыстардың тереңділігіне тоқталып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Қосылған : 5.10.2017, 10:50, Өзгертілген : 5.10.2017, 10:55