Қазақстан ДСҰ комитетінде төрағалығын аяқтады

1 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) штаб-пәтерінде Қазақстанның төрағалығымен Сауда және қоршаған орта жөніндегі ДСҰ Комитетінің соңғы отырысы өтті.

Шараға ДСҰ-ға мүше барлық елдердің өкілдермен қоса, Біріккен Ұлттар Ұйымының сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД), Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) және Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (РКИКООН) қатысты.

Кездесу барысында бірқатар тауарлар және жабдықтарға импорттық баждарды алып тастауға бағытталған экологиялық тауарлар туралы көпжақты келісім (ЭТК) жасасу туралы келіссөздердің барысы туралы баяндама тыңдалды. Осыған орай, төрағалық еткен Елші Жанар Айтжанова шағын және орта бизнестің «жасыл» технологияларға қолжетімділігін арттыруға және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды дамыту үшін қосымша ынталандыруды қамтамасыз ету үшін осы бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Отандық дипломат Канада, Жаңа Зеландия, Перу және басқа елдердің делегациялары жасаған баяндамаларға жоғарғы баға беріп, сауда-саттық және қоршаған ортаға қатысты халықаралық келісімдер мен конвенцияларды іске асыруда ұлттық тәжірибемен белсенді түрде алмасу мақсатында ДСҰ мүшелері комитет аясында тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Комитеттің жыл сайынғы отырыстарының аяқталуымен ДСҰ-дағы негізгі органдарының бірінде маңызды тәжірибе әкелген Қазақстанның комитетке алғашқы төрағалық етуіде қорытындалды.

Қосылған : 1.11.2017, 18:15, Өзгертілген : 1.11.2017, 18:15