Қазақстан ЯҚТШ-ның толық және қатаң іске асырылуын қолдайды: Ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудегі 25 жылдық күш-жігер және ынтымақтастық

НЬЮ-ЙОРК, 2019 жылғы, 29 сәуір - Қазақстан ядролық қарусыздану мен таратпау режимін нығайтудың белсенді жақтаушысы ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) ережелерінің қатаң және толыққанды орындалуын қолдайды. Бұл туралы Қазақстан делегациясының басшысы Ержан Ашықбаев 2020 жылғы ЯҚТШ Шолу Конференциясына Дайындық Комитетінің үшінші сессиясында мәлімдеді.

Қазақстандық дипломат жалпы пікірталастарды Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа (Семей Шартына) қатысушы мемлекеттер тобының атынан сөз сөйлеп ашты. Биыл өзінің толыққанды құрылуының 10 жылдығын атап отырған бұл аймақ солтүстік жарты шардағы бірден бір ядролық қарусыз аймақ болып қала беруде.

Орталық Азия аймағының ағымдағы үлейстірушісі ретінде қазақстандық делегация басшысы АҚШ-ты Семей Шартына (Ядролық қаруды қолданбау туралы) теріс кепілдемелер жөніндегі хаттамасын тезірек ратификациялауға шақырды және әлемде жаңа ядролық қарудан азат аймақтардың құрылатынына үмітін білдірді.

3 мамырда Қазақстан делегациясы ядролық қарусыз аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған арнайы іс-шара ұйымдастырады.

Дайындық сессиясының жұмысы Қазақстанның тағы бір маңызды мерейтойлық себебімен, атап айтқанда, ЯҚТШ-ға мүше болғанына 25 жыл толу мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Е.Ашықбаев ұлттық баяндамасында Қазақстанның соңғы ширек ғасырда атқарған қызметінің негізгі кезеңдерін айшықтап, әлемдік қауіпсіздік архитектурасын нығайту жөніндегі халықаралық күш-жігерлердегі ерекше тарихи рөлін көрсетіп берді. Мемлекеттің кеңінен танылған жетістіктерінің негізін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нәтижелі антиядролық бастамалары құрайтыны сөзсіз.

Ядролық қарусызданудың өзіндік дара жолын басынан өткерген Қазақстан сенімді нығайтудың ең тиімді шарасы қарусыздану болып табылады деген сеніміне бекемдей түсті. Осы орайда ЯҚТШ-ның барлық ережелерінің тиімділігі мен сөзсіз орындалуына кедергі келтіретін ядролық державалар арасындағы ғана емес, ядролық және ядролық емес мемлекеттердің өзара әрекеттестігінде белең алған сенімсіздікке қатысты алаңдаушылық білдірілді.

Сонымен қатар, Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсаттарда қауіпсіз және сенімді пайдалану жолындағы елеулі үлесі ретінде, 2017 жылы инаугурациясы өткен және биылғы жылы сақтау материалын қабылдағалы отырған АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкі аталып өтті. Бұл саяси сипаттағы кедергілер туындаған жағдайда атом электр станцияларына қажетті отынды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге арналған теңдесі жоқ тетіктің іске қосылатынын білдіреді.

Қосылған : 1.05.2019, 14:05, Өзгертілген : 1.05.2019, 14:05