​Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімге қол қойды

САМАРҚАНД, 2017 жылғы 10 қараша – Қазақстан Республикасы, Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлері үш елдің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімге қол қойды.

Қол қою рәсімі Самарканд қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының «Орталық Азия: тарихы бір, болашағы бір, тұрақты даму мен өзара өркендеу жолындағы ынтымақтастық» атты халықаралық конференциясы аясында өтті.

Салтанатты рәсімге Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Түрікменстанның Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов және Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов қатысты.

Шекараның түйісу нүктесі туралы келісімге қол қою Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеудің бір кезеңін толығымен аяқтауға мүмкіндік беріп, үш мемлекеттің өзара сыйластығын, егеменді теңдігі мен аумақтық тұтастығын нығайтуға негіз болады.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғаш күнінен бастап мемлекеттік шекараның делимитациясын бірінші кезекке қойған. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің жауапты құрылымы мен қауіпсіздігінің мәселесі болып табылады. Бүгін қол қойылған үш жақты келісім, негізінен, Орталық Азия үшін тарихи болып табылады, себебі ол үш мемлекетіміздің мемлекеттік шекараларын құқықтық ресімдеуін қорытындылайды», - деді Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін.

Бұрын Қазақстан Түрікменстанмен және Өзбекстанмен екіжақты деңгейде шекаралар бойынша уағдаластықтарға қол жеткізген болатын. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан–Түрікменстан Мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау үдерісі туралы келісімге 2001 жылғы 5 шілдеде, Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан–Түрікменстан Мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы келісімге 2017 жылғы 18 сәуірде, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан–Өзбекстан Мемлекеттік шекарасы туралы келісімге 2001 жылғы 16 қарашада, Қазақстан–Өзбекстан мемлекеттік шекарасының жеке учаскілері туралы шартқа 2002 жылы 9 қыркүйекте қол қойылған.

Қосылған : 10.11.2017, 00:25, Өзгертілген : 10.11.2017, 13:25