Қазақстан БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 74-ші сессиясына қатысты

2018 жылғы 14-15 мамырда Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұқтар Тілеуберді Бангкок қаласында БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АзТМЭӘК) 74-ші сессиясына қатысты.

Іс-шараның министрлік сегментінде сөйлеген сөзінде М.Тілеуберді Қазақстанның ұлттық және халықаралық деңгейлерде қол жеткізген Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы прогресі туралы хабарлады. Соның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы аясында ұсынған әлеуметтік әділеттікті қамтамасыз ету іс-шаралары атап өтілді. Аталған шаралардың өзектілігі Сессияның «2030 жылға дейінгі мерзімге арналған орнықты даму күн тәртібі дәуіріндегі теңсіздік» негізгі тақырыбы аясында атап өтілді. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Астана «EXPO-2017» негізінде ашылған «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологиялар орталығы, ІТ-стартаптарды дамыту хабы сияқты жобаларды іске асыру барысы туралы хабардар етті. Қорытындысында АзТМЭӘК-ке мүше мемлекеттерге Қазақстан Президентінің қорғаныс бюджеттерінің 1 пайызын БҰҰ Дамуды қаржыландыру қорына бөлу бастамасын қолдау туралы өтініш жасалды.

Сонымен қатар, іс-шара шеңберінде М.Тілеубердінің БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – АзТМЭӘК Атқарушы хатшысы Ш.Ахтармен, ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Ж.Тсунмен және Тынық мұхиты аралдарының даму форумының Бас хатшысы Ф.Мартелмен екіжақты кездесулері өтті.

Сессияға Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі дамудың өзекті мәселелерін және өткен кезеңдегі Комиссияның қызметін талқылаған 50-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қосылған : 17.05.2018, 13:05, Өзгертілген : 17.05.2018, 13:05