Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық серіктестікті күшейтуге ниетті

ЛОНДОН, 2018 жылғы 4 желтоқсан – Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестікті күшейте түсу ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған делегацияның Лондонға сапарының негізгі тақырыбы болды.

Іссапардың алғашқы күні аясында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық диалогтың бесінші отырысы өтті. Шараға Р.Василенко мен Ұлыбританияның Еуропа мен Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Алан Данкан тең төрағалық етті. Отырыс конструктивті негізде өтті. Алдымен халықаралық саяси аренадағы маңызды мәселелерді шолып өткен тараптар екіжақты қарым-қатынасты көпбағытты форматта егжей-тегжейлі талқылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-министрі Тереза Мэйдың Брюссельдегі АСЕМ саммиті аясында өткен кездесуінің екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін бергені атап өтілді.

Қазақстан делегациясының басшысы екіжақты қарым-қатынастың жағымды динамикасын атап өтіп, Стратегиялық диалог, Сауда-экономикалық серіктестік бойынша үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес сияқты т.б. құрылымдардың нәтижелі қызметіне ерекше көңіл аударды.

Тараптар қазақстан-британдық стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Бұл тұрғыда БҰҰ Қауіпсіздік Қеңесі, екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастық, оның ішінде Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуына байланысты ынтымақтастық, «Астана» халықаралық қаржылық орталығы (АХҚО) шеңберіндегі бірлескен әрекеттерге, сондай-ақ Қазақстанда аймақтың ірі мемлекеттерінің қатысуымен үшжақты инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігіне баса назар аударылды.

Іссапар барысында Р. Василенко Қазақстанмен серіктестік бойынша жалпыпартиялық парламенттік топ жетекшісі Боб Стюарт бастаған Ұлыбритания Парламенті депутаттарымен кездесу өткізді. Тараптар жалпыпартиялық топтың мамыр айында Қазақстанға сапарының нәтижелерін талқылады. Еске сала кетсек, аталған сапар барысында британ Парламенті өкілдері Парламент Мәжілісі, Сыртқы істер министрігі, сондай-ақ еліміздің түрлі саяси партияларының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізген болатын. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары мен жоспарлары, оның ішінде қазақстандық парламентарийлердің Ұлыбританияға сапарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

Делегация британдық бизнес пен Британ-Қазақстан қоғамының (БҚҚ) өкілдерімен кездесу барысында еліміздегі инвестициялық климатты одан әрі жақсартуға бағытталған реформалар мен инициативалармен таныстырды. Қазақстанның аталған саладағы жетістіктерінің бір дәлелі ретінде Бүкіләлемдік банктің «Doing Business – 2019» рейтингінде былтырғы жылмен салыстырғанда 8 орынға көтеріліп, 190 мемлекет қатарында 28-ші орынға ие болғаны сөзге тиек болды.

Р. Василенко британдық кәсіпкерлерге елдегі ауқымды жекешелендіру бағдарламасы, АХҚО қызметі, қытайлық «Белдеу мен жол» бастамасы аясындағы «Astana Hub» Халықаралық ІТ стартаптар паркі туралы әңгімелеп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесуге жиырмаға жуық көрнекті британдық кәсіпкерлер қатысты, олардың қатарында «Orion Group» компаниясының аймақтық директоры Марк Доннисон, «Central Asia Metals» компаниясының төрағасы Ник Кларк, «South China Securities» компаниясының директоры Хьюго Джаммс және басқалар болды.

Сондай-ақ іссапар шеңберінде «Chatham House» Корольдік халықаралық қатынастар институтының басшылығымен де кездесу өтті. Кездесу барысында қазақстандық дипломат еліміздегі саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалармен әрі Қазақстанның сыртқы саясаттағы бастамаларымен таныстырып өтті.

Сапар Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенконың Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуразиялық кеңестің (ХҚЕК) бесінші жыл сайынғы отырысына қатысумен жалғасады. Отырыс нәтижесі бойынша Еуроодақтың Орта Азия бойынша жаңа стратегиясына ұсыныстармен бірге ХҚЕК-тің ресми баяндамасы ұсынылатын болады.

Қосылған : 5.12.2018, 09:15, Өзгертілген : 5.12.2018, 09:15