Қазақстан мен Швейцария өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 27 маусым - Сыртқы істер министрлігінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың және Швейцария Конфедерациясының Федералдық Сыртқы істер департаменті статс-хатшысының орынбасары Кристина Марти Ланг төрағалығымен жыл сайынғы Қазақстан-Швейцария саяси консультациялары өтті.

Бұл консультациялар екі ел арасындағы қатынастарды одан әрі тереңдету мәселелерінің кең ауқымын қарастыруға мүмкіндік берді.

Консультациялардың аяғында Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Швейцария делегациясының басшысын қабылдады.

Екі тарап саяси байланыстардың, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қол жеткізілген жоғары деңгейін атап өтіп, ұзақ мерзімді әріптестікті одан әрі кеңейтуге өзара бейілділігін растады.

К. Марти Ланг Қазақстан халқын Швейцария өкілдері де бақылаған сайлаудың табысты өтуімен құттықтады. Швейцарияда Женевадағы БҰҰ бөлімшесін басқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың есте жақсы сақталғанын атап өтті.

Швейцария дипломаты Президент Қ-Ж. Тоқаевтың реформаторлық күн тәртібіне орай Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

Тараптар шарттық-құқықтық негізді кеңейтуге ерекше назар аударды. Құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге визалық режимді жеңілдету, сауда, өнеркәсіп салаларындағы келісімдер нақты талқыланды.

Сонымен қатар, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың перспективалары, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру, Ауғанстан мен Сириядағы жағдай сияқты өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу болды. «Жусан» операциясын сәтті жүзеге асыру туралы ақпарат Швейцария тарабының үлкен қызығушылығын тудырды, оның аясында Сириядан Қазақстанға 600-ге жуық азамат қайтарылды.

Швейцария тарапы Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамыту аясында су ресурстарын басқару және осы саладағы сын-тегеурінді еңсеру тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Саяси консультациялардың күн тәртібіне БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ, ДСҰ және басқа да маңызды халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері де кірді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 3 млрд. АҚШ долларына жеткен екіжақты тауар айналымының оң өсуі белгіленген. Осы көрсеткіш бойынша Швейцария Қазақстанның алтыншы сауда серіктесі болып табылады. Бұдан бөлек, Швейцария - Қазақстан экономикасына 2005-2018 жылдары құйған 23 млрд. АҚШ долларымен еліміздің ірі шетелдік инвесторлардың бірі.

Қол жеткізілген көрсеткіштерге қарамастан, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жүргізу бойынша келісті. Перспективті бағыттар ретінде инновациялар, азық-түлік саласы, ауыл шаруашылығы, қаржы қызметтері, энергетика, фармацевтика және туризм аталды.

Қосылған : 27.06.2019, 10:45, Өзгертілген : 27.06.2019, 10:45