Қазақстан-Иран саяси консультациялары өтті

ТЕГЕРАН, 2019 жылғы 10-11 сәуір - Иран астанасында Қазақстан мен Иран арасындағы саяси консультациялар өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, ал Иран тарапын ИРИ Сыртқы істер министрінің орынбасары Сейед Аббас Аракчи басқарды. Саяси консультациялар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы ынтымақтастықтың Бес жылдық бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өтті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты.

Каспий өңірінде екіжақты әрекеттестікке де баса назар аударылды. 2018 жылы Ақтау қаласында болған Бесінші Каспий саммитінің тарихи маңыздылығы ерекше атап өтілді. Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның баптарын имплементация жасау және Ақтау саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Көлік-транзит және ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты өзара әрекеттестіктің оң қарқыны атап өтілді. Осы орайда, тараптар Парсы шығанағына жол ашатын Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол маршрутын пайдалануды жандандырудың маңыздылығы баса айтылды.

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М.Тілеуберді Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен келіссөздер өткізіп, оның барысында жоғары лауазымды ирандық дипломатты Қазақстандағы соңғы саяси өзгерістермен таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатқаны және алдағы президенттік сайлаулар туралы айтып берді.

М.Зариф Н.Назарбаев Қазақстанның дамуына және аймақта әрі әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға теңдессіз үлес қосқан өте дана саяси қайраткер екендігін мәлімдеді. Иранның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанда алдағы уақытта өтетін сайлаулардың демократия қағидаттарына сәйкес өтетіндігіне сенімділігін білдірді.

Қазақстандық дипломат мемлекет басшылығында болған өзгерістерге қарамастан еліміздің сыртқы саяси бағдары өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. Иранмен тату көршілестік қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі болып қалатындығын айтты.

Сапар шеңберінде М.Тілеубердінің Иранның Көлік және қала құрылысы министрі Мухаммед Исламимен және Ауыл шаруашылығы джихады министрінің орынбасары Иаздан Сейфпен кездесулері болды. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және болашағы, оның ішінде көлік пен транзиттік әлеуетті дамыту, Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау және т.б. мәселелерді талқылады. Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі 2018 жылы 516,309 млн. АҚШ долларын құрады (экспорт – 426,76 млн., импорт 89,54 млн.).

Аталған кездесулер қорытындысы бойынша, ирандық тараптың Бандар-Аббас және Амирабад порттарында Қазақстанның логистикалық орталықтар салуы үшін жер бөлуі бойынша уағдаластықтар жасалды. Бұл Орталықтар Иран аумағы арқылы Парсы шығанағы елдерінің нарығына отандық тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді.

Траптар жақын аралықта Нұр-Сұлтан қаласында қазақстан-иран Үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысын өткізуге қызығушылықтарын қуаттады.

Ағымдағы жылғы 11 сәуірде М.Тілеуберді Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хади Солейманпурмен кездесу өткізіп, оның барысында Қазақстанның аталған Ұйыммен ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.

Қосылған : 12.04.2019, 09:25, Өзгертілген : 12.04.2019, 09:25