Қазақстан мен Грузия ынтымақтастықтың келешегін талқылады

ТБИЛИСИ, 2018 жылғы 7 қыркүйек - Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшісі Бауыржан Мұхаметжановтың Грузияның Премьер-министрі Мамука Бахтадземен кездесуі болды. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері, сондай-ақ оны дамыту келешектері талқыланды.

Екіжақты сауда айналымы көлемін ұлғайту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екендігі атап көрсетілді.

Қазақстан Елшісі біздің еліміздің инвестициялық саясатының негізгі бағыттары, Грузия үкіметі басшысы тарапынан қолдау тапқан «Kazakh Invest» компаниясының Тбилисиде өз өкілдігін ашу жоспары туралы әңгімеледі. Дипломат сондай-ақ биыл қыркүйектің соңында Тбилисиде өткізілетін қазақстандық кәсіпкерлердің Сауда миссиясының екіжақты сауда қарқынын қолдау үшін аса маңызды екендігін атап көрсетті. Грузин тарапына «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Жасыл технологиялар және инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығының қызметі туралы ақпарат берілді.

М. Бахтадзе Қазақстан және Грузия экономикаларының мүмкіндіктерін ескеріп, энергетика және транзит-көліктік салалардағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол сондай-ақ екі елдің «жасыл технологиялар» саласында, зиянды қалдықтарды жою мәселелерінде ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді.

Грузияның Премьер-министрі екі елдің астаналары мен ірі қалалары арасындағы әуе қатынасының жиілігіне қанағаттанушылық білдіріп, сонымен қатар Қазақстаннан еуропалық елдерге қосымша рейстер ашуда грузин тарапының мүмкіндіктерін пайдалануға дайындығын жеткізді.

Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, инвестициялық және туристік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қажетті барлық шараларды қабылдауға ниет білдірілді.

Қосылған : 10.09.2018, 21:00, Өзгертілген : 10.09.2018, 21:00