Қазақстан мен Грузия болашақ перспективаларын талқылады

27 қыркүйекте Тбилисиде Қазақстан Республикасы және Грузия Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар өткізілді. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев, грузин делегациясын Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Давид Джалагания басқарды.

Консультациялар шеңберінде министр орынбасарлары саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі жайы мен келешегін талқылап, өзекті өңірлік мәселелер мен халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасты.

Тараптар екі мемлекеттің халықаралық аренадағы, оның ішінде халықаралық ұйымдар шеңберіндегі табысты өзара іс-қимылын атап өтті. Инвестициялар, сауда және туризм салаларындағы, сондай-ақ екі елдің транзиттік әлеуеттерін тиімді пайдаланудағы ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығы атап көрсетілді.

Ғ. Қойшыбаев Қазақстанда 13 маусымда болып өткен Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилидің ресми сапарының нәтижелері және жоғары қонақтың Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде Грузияның Ұлттық күніне қатысуын жоғары бағаланатынын айтты.

Грузин тарапы Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптес және грузин экономикасының инвесторларының бірі екендігін атап көрсетті. Д. Джалагания саяси байланыстардың жоғары деңгейін, өзара тауар айналымының көлемін және екі елге баратын туристер санын арттыру бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін айта отырып, оларды сақтау мен арттыра түсудің аса маңызды екендігіне назар аударды.

Тараптар ү.ж. 5-6 қазанда Тбилисиде өткізілетін екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша Үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысының өзара тиімді ынтымақтастығына жаңа серпін беретінін қанағаттанғандықпен атап өтті.

Дипломаттар парламентаралық байланыстарды нығайтудың, екі елдің жетекші жоғары оқу орындары арасында тікелей қатынастарды орнатудың маңыздылығын атап көрсетті.

Қосылған : 29.09.2017, 16:10, Өзгертілген : 29.09.2017, 16:10