Қазақстан Президентінің «жасыл» энергетика саласындағы бастамалары Париждегі ғылыми-практикалық конференцияда ұсынылды

2018 жылғы 29 қарашада Париж қаласында Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев Францияның ұлттық өнеркәсібін ынталандыру қоғамы ұйымдастырған «Климаттық мәселені ілгерілету» ғылыми-практикалық конференциясына спикер ретінде қатысты.

Шарада Францияның энергетикалық корпорациялары мен үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, жаңартылатын энергия көздері саласындағы сарапшылар, сондай-ақ дипломатиялық және ғылыми қоғамдастық өкілдері бас қосты. Конференция қатысушылары климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі халықаралық күш-жігердің аясында «жасыл» экономикаға көшу жолында жинақталған үздік тәжірибелерді талқылады. Іс-шара 2018 жылдың 3-12 желтоқсан аралығында Катовице қаласында (Польша) өтетін БҰҰ климаттық саммиті (COP24) қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Өз сөзінде Ж. Ғалиев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «жасыл» энергетика саласындағы бастамалары, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің дамуы, Париж келісімін іске асыру және «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің мұрасы туралы әңгімеледі. Қазақстандық дипломат «Жасыл экономикаға» көшу бойынша Қазақстан-2050 Стратегиясының негізгі аспектілерін, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы және Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар жөніндегі халықаралық орталығының құрылуы сынды Елбасының маңызды бастамаларын ерекше атап өтті.

«Қазақстан, табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өз жауапкершілігін жақсы түсінеді, сондықтан «жасыл экономиканың» принциптерін еліміздің стратегиялық даму жүйесіне енгізуде», - деді Елші.

Конференция соңында қатысушылар климаттық саммит ұйымдастырушыларына пайдалы ұсыныстар енгізу үшін климаттың өзгеруі және орнықты энергетиканы дамыту туралы тұрақты талқылаулардың маңыздылығын атап өтті. Францияның сыртқы сауда бойынша кеңесшілер ұлттық комитеті климаттық тобының төрағасы Тьерри Пупо, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі рөлі мен беделін, сондай-ақ елдегі ірі және маңызды халықаралық іс-шараларды өткізу тәжірибесін ерекше атап өтіп, БҰҰ аясындағы болашақ климаттық конференциялардың (COP) бірін Астанада өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Іс-шара аясында қазастандық Елшісі Францияның ұлттық өнеркәсібін ынталандыру қоғамының президенті Оливье Муссонмен және Францияның бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі, «Business&Climat Summit» ұйымының президенті Брис Лалондпен кездесті.

Қосылған : 2.12.2018, 09:45, Өзгертілген : 3.12.2018, 09:45