«Асық» ойыны ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне енгізілді

Чеджу, 2017 жылғы 7 желтоқсан - ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұраны қорғау Үкіметаралық комитетінің 12-ші Сессиясы шеңберінде Қазақстанның «Қазақ дәстүрлі асық ойыны» өтінімі адамзаттың материалдық емес мәдени мұраның тізіміне енгізілді.

Сессия аясында Материалдық емес құндылықтарға арналған көрме ұсынылды, сондай-ақ асық ойыны көрсетілді.

Асық ойыны адамның ой өрісі мен дене бітімінің дамуына ықпал етеді, әрі ұлтына қарамастан өскелең ұрпақ арасында өзара жақындасуға жол ашады. Балалық шақ символы ретінде асық ойыны Қазақстан халқының бірлігін нығайтуда, сондай-ақ бірлік пен ұлттық сана сезімін дамытуда маңызды рөл атқарады. Халықаралық сарапшылар атап өткендей, жас балалар бұл мұраны сақтап қалудың негізгі буыны болып табылады.

Номинацияны дайындау жұмысын ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Хатшылығы, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық Комитеттің сарапшылары, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі және Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе атқарды.

Материалдық емес мәдени мұраны қорғау конвенциясын Қазақстан 2011 ж. желтоқсанда ратификациялағаннан бері материалдық емес мәдени мұраның репрезентативті тізіміне Қазақстаннан 7 номинация енгізілді: «Домбырамен күй орындау өнері» (2014 ж.), «Қазақ күресі» (2016 ж.), Қырғызстанмен бірлескен номинациялар ретінде «Киіз үй жасау машықтары» (2014 ж.) және «Айтыс/Aйтыш, суырып салма өнері» (2015 ж.), сондай-ақ көпұлттық өтінімдер ретінде, «Наурыз» (12 ел), «Құс салу» (18 ел) және «Түрік пәтір наны» (5 ел). Соңғы үшеуі 2016 жылы енгізілді.

ЮНЕСКО-ның халықаралық тізіміне қазақ өтінімдерін енгізу еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық дәрежеде таныту және оны қорғау үшін жүйелі іс-шараларды жүзеге асыруға оң септігін тигізеді.

Алдағы жылдары Қазақстан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраның репрезентативті тізіміне «қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі салты» ұлттық және «Қорқыт-Ата мұрасы» (Түркия, Әзербайжан, Қырғызстанмен бірлескен) көпұлтты өтінімдерді енгізуді жоспарлап отыр.

Қосылған : 7.12.2017, 18:25, Өзгертілген : 7.12.2017, 18:25