Қазақстан мен Франция сыртқы саяси ведомстволарының басшылары стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге уағдаласты

Қазақстан мен Франция сыртқы саяси ведомстволарының басшылары 2017 жылғы 3 тамызда өткізілген телефон сұхбаты барысында Қазақстан-Франция қарым-қатынастарын ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша күшейту перспективаларын талқылады.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан екі елдің басшылары 2008 жылы қол қойған Стратегиялық әріптестік туралы шарт рухында дамып отырған саяси диалогтың жоғары сапасына ризашылық білдірді.

Қ.Әбдірахманов француз әріптесіне екі ел делегацияларының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шеңберінде халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша үнемі «ұстаным салыстыруға» мүмкіндік беретін тиімді өзара іс-қимылы үшін алғыс білдірді. Олардың ішінде – Сириядағы соғыстың аяқталуы, Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын іске асыру, Ауғанстанның бейбіт дамуына қолғабыс көрсету және басқалар. Министрлер телефон сұхбаты барысында аталған мәселелер бойынша пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Қазақстан СІМ басшысы Ж.-И. Ле Дрианның сұрауы бойынша Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен және оның толық қолдауы арқасында жүзеге асырылып жатқан Сирия бойынша Астана процесі барысы туралы ақпараттандырды. Француз дипломаты Астана келіссөздерінің Сирия дағдарысын саяси реттеу үшін негізгі шарт ретіндегі атысты тоқтату режимін іске асыруға практикалық бағдарын қошеметтеді.

Францияның «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсенді қатысуы сұхбаттың бөлек тақырыбы болды. Қазақстан СІМ басшысы француз тарапына көрменің барлық кезеңі барысында қызықты мәдени және экономикалық іс-шаралар ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Қ.Әбдірахманов Қазақстанның Климат жөніндегі Париж келісімінің жүзеге асырылуын толық қолдайтынын атап өтіп, әріптесіне Париждің ЭКСПО-2025 Дүниежүзілік көрмесін өткізуге кандидатурасын ілгерілету науқанының жемісті өткізілуіне тілектестік білдірді. Осыған байланысты, 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік көрменің біздің елімізде атақты әнші Әміре Қашаубаевтың өнерімен елестетілетінін жеткізді.

Тараптар экономикалық дипломатия аясында уран өндіру, титан құймаларын, радиолокациялық техниканы, темір жол локомотивтерін жасау және т.б. салалардағы жемісті ынтымақтастықты атап өтті.

Министрлер осы және басқа перспективалық жобалардың Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 2017 жылғы 7 қыркүйекте Астанада өтетін кезекті отырысында талқыланатынына уағдаласты.

Француз тарапы елімізде заңның үстемдігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан институционалдық реформалар туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты ынтымақтастықтың ширек ғасырлық дипломатиялық қатынастардағы нәтижелерін айта отырып, екіжақты және көпжақты форматтардағы пайдалы өзара іс-қимылды ұлғайтуға деген нық ниеттерін растады.

Ж.-И. Ле Дриан Астанаға шақыруды ризашылықпен қабылдады.

Телефон сұхбаты Француз Республикасының Президенті Э.Макронның 2017 жылғы маусымдағы парламенттік сайлаудың нәтижесі бойынша ел үкіметін құрған уақыттан бері бірінші рет өткізілді.

Қосылған : 3.08.2017, 20:10, Өзгертілген : 3.08.2017, 20:10