Etihad Airways: Қазақстанның «ашық аспан» жүйесін енгізуі – жолаушылар үшін әуе компанияларының қызметтеріне қолжетімділікті арттыру жолындағы позитивті қадам

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Etihad Airways компаниясының Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Маруан бен Хашиммен кездесу өткізді. Оның барысында қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының нұсқауымен елдің бірқатар қалаларында басым бағыттар бойынша халықаралық әуе рейстері үшін "ашық аспан" режимі орнатылғанын хабарлады. 

Аталған қадам бәсекелестікке жол беру арқылы жолаушылар үшін ең тиімді шарттарды қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның әлемдегі озық елдермен халықаралық ынтамақтастығын әрі қарай нығайту мақсатында жасалып отырғаны айтылды. Осы ретте, қазақстандық және шетелдік жолаушылар үшін  Әбу Даби-Алматы әуе бағыты сұранысқа ие екенін айтты. Аталған бағыт Әмірліктер арқылы басқа елдерге транзит арқылы ұшатын азаматтар үшін де қолайлы болатынын  жеткізді. 

Etihad Airways компаниясының өкілі Қазақстанның түрлі қалаларында "ашық аспан" жүйесінің орнатылуы аталған саланың дамуына мол серпін беретініне, жаңа халықаралық әуе бағыттарының ашылуына ықпал етеніне сенім білдірді. Сондай-ақ, қазақстандық тараптың әуе бостандығының белгілі 5 түрін беру туралы шешім қабылдауы үлкен артықшылық екенін айтты. 

Сонымен қатар, Қазақстан мен Әмірліктер арасында әуе шығындарын азайту, сәйкесінше қол жетімді әуе билеттерін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар келісімдер, оның ішінде қосарланған салықты болдырмау секілді құжаттар бар. Жолаушылар санының артуына  екі ел азаматтары үшін 30 күнге дейін визасыз режимнің орнатылуы ықпал етті,-деп хабарлады Әбу Дабиде орналасқан әуе компаниясының менеджері. 

Биыл 30 қыркүйектен бастап азаматтары Қазақстанға визасыз сапармен келе алатын елдер тізімі бес араб мемлекетімен толықты. Олардың қатарына Сауд Арабиясы, Оман, Кувейт, Қатар және Бахрейн енді. Аталған елдердің Қазақстанмен тікелей әуе рейстері жоқ екендігі мәлім. Қазақстан Елшісінің айтуынша, Әмірліктердің Шығанақтағы араб елдерімен көліктік, оның ішінде әуе байланыстарының жақсы дамуы Әбу Даби-Алматы бағытына сұранысты арттыра түседі. 

Қазіргі таңда Etihad Airways компаниясы Әбу Даби - Нұр-Сұлтан - Әбу Даби бағыты бойынша аптасына екі рет әуе рейстерін орындайды. Жаз маусымында үш рейске дейін көбейтіледі. Компания өкілінің ақпаратына сәйкес, аталған бағыт жоғары сұранысын сақтап отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша Etihad Airways компаниясының мамандары ұсынылған мәліметтерді назарға ала отырып, нарықтағы жағдайға талдау жүргізетінін және нәтижесін қазақстандық тарапқа хабарлайтынын жеткізді. Осы ретте, жаңа бағыттарға деген сұраныс, Қазақстанның әуежайларындағы қызмет көрсету бағаларының қолайлығы, ұсынылып отырған артықшылықтар мен екі ел арасындағы келісімдерді орындау тетіктері секілді факторлар назарға алынатыны айтылды. Тараптар аталған мәселе бойынша келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.

Қосылған : 15.10.2019, 10:25, Өзгертілген : 15.10.2019, 10:30