ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалайды


НҰР-CҰЛТАН, 2019 жылғы 3 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Ламберто Заньерді қабылдады.

Кездесу барысында қауіпсіздік мәселелері жөніндегі әлемдегі ең ірі өңірлік ұйыммен екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар Кеңсесімен өзара іс-қимылы талқыланды.

Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Л. Заньерді ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы хабардар етті.

«Қазақстан халқының бірлігі, барлық этностардың құқықтарын сақтау және оларды одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктер жасау, этникалық және мәдени әралуандықты мемлекеттік қолдау Қазақстанның ұлттық саясатының негізін құрайды», – деді Б. Атамқұлов. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырудағы және бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы аса көрнеткі рөлі атап өтілді.

Соңғы жылдары республикада, оның ішінде ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссарының ұсынымдарын ескере отырып, қазақстандық қоғамды одан әрі шоғырландыруға, этносаралық және конфессияаралық келісім институттарын нығайтуға, мемлекеттік органдардың этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылының тиімді жүйесін құруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының түрлі этностар тілдеріндегі білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылды.

Бүгінгі таңда этномәдени бірлестіктер «Туған жер», «Қазақстанның Сакралды географиясы» және «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» сияқты ел үшін маңызды жобаларды ілгерілетуге қатысуда.

Тараптар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің желісі бойынша екіжақты жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Дипломаттар сондай-ақ жастар мен тіл саясатын және Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды қоса алғанда, Қазақстан үшін басым бағыттардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен күш-жігерді қолдауға уағдаласты.

«Біз Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың деңгейін жоғары бағалаймыз және осы процеске тартылған барлық қатысушылармен сындарлы диалогты жалғастыруға үміттенеміз. Біз ынтымақтастығымызды «екіжақты қозғалысы бар көше» ретінде қарастырамыз, онда өте қызықты тәжірибе және үздік тәжірибемен алмасу жүріп жатыр», – деп атап өтті 2011-2017 жылдары ЕҚЫҰ Бас хатшысы қызметін де атқарған Л. Заньер.

Бұдан басқа тараптар ЕҚЫҰ жауапкершілік аймағында аз ұлттардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау саласындағы қазіргі заманғы үрдістер туралы, сондай-ақ осы жылдың соңында Братиславада «Адамдар үшін, диалог үшін, тұрақтылық үшін» ұранымен словак төрағалық шеңберінде өтетін ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің ресми Кеңесіне дайындық барысы туралы пікір алмасты.


Қосылған : 3.09.2019, 19:40, Өзгертілген : 3.09.2019, 19:40