«ЭКСПО-2017» мұрасы Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына жақындатады

2 ақпан күні Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті.

Кездесу барысында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауының басым бағыттары жан-жақты талқыланды. ХКБ басшысы экономиканың әртүрлі салаларын цифрландыру, адам капиталын дамыту, жаңа технологияларды тарту, жаңартылатын энергия көздеріне көшу процесіне қызығушылық танытты және көрмеден кейінгі «ЭКСПО» мұрасының пайдалану жоспарына оң бағасын берді.

В. Лоссерталестің айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, халықаралық IT-стартап технопаркі, «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту орталығы сияқты Қазақстан Президентінің бастамалары Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің ұзақмерзімді әсерін қамтамасыз етеді.

ХКБ Бас хатшысының пікірінше, Жолдауда қойылған міндеттерді орындау және «ЭКСПО-2017» мұрасының жобаларын іске қосу Қазақстанды жаңа даму деңгейіне көтереді және әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына жету үшін берік негіз қалайды.

Кездесуде Қазақстанның ХКБ-мен алдағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. В. Лоссерталестің айтуынша, Астанадағы ЭКСПО-ның өткізілуі 20 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан мен Халықаралық бюро арасындағы қатынастардың жаңа тарауын ашып отыр. Көрменің табысты өткізілуін және елдің халықаралық қоғамдастықтағы беделін ескере отырып, Қазақстанның халықаралық ұйым құрылымындағы позициясын нығайту ұсынылды. 2018 жылдың басынан бастап Қазақстан ХКБ Әкімшілік-бюджеттік комитетінің мүшесі болды. Кездесуде қазақстандық студенттердің аталмыш халықаралық ұйымның штаб-пәтерінде тағылымдамадан өту туралы келісімге қол жеткізілді. В.Лоссерталес көрмені өткізуде қазақстандық жастардың ерекше рөлін атап өтті. Бұл еріктілік рухымен әлемге ашық жаңа ұрпақ.

Ұйым басшысы осы жылдың көктемінде ЭКСПО аймағындағы өзгерістердің тиімділігін бағалау үшін Астанаға бару жоспарымен бөлісті.

Қосылған : 2.02.2018, 19:25, Өзгертілген : 2.02.2018, 19:25