«Дипломатия жаршысының» жазғы нөмірі жарыққа шықты

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 1 шілде – «Дипломатия жаршысы» журналының редакциясы СІМ ресми басылымының ребрендингін өткізді. Журналдың дизайны барынша көркем әрі өмір талабына сай болды, баспалық нұсқасында смартфон арқылы мақалалардың онлайн нұсқасына немесе бірден бүкіл нөмірге қол жетімділік алуға мүмкіндік беретін цифрлық технологиялар қолданылды.

Жаңа шығарылым дәстүрлі түрде Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың «Жалғасын тапқан өзгерістер» деген мақаласымен ашылады, онда «9 маусымда өткен сайлаудың нәтижесі бойынша қазақстандықтар тұрақты саяси бағыттың сабақтастығының және елдің болашақта дамуы үшін экономикалық реформаларды жалғастырудың маңыздылығын көрсеткені» атап өтіледі, сондай-ақ Нұр-Сұлтанның сыртқы саяси бағытында да сабақтастықтың сақталатыны шынайы көрсетіледі.

Журнал бұрынғысынша әр нөмір сайын оқырмандарға сапалы авторлық контент пен өзекті эксклюзив ұсынады.

Осы нөмірде Еуразиядағы интеграциялық процестерге ерекше назар аударылған. Басылымда Министрдің орынбасары Марат Сыздықовтың биылғы жылы өзінің бес жылдығын атап өткен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) дамуы туралы мақаласы ұсынылады. Шаңхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Владимир Норовтың эксклюзивтік сұхбатында ШЫҰ-ның өңірдегі және халықаралық аренадағы ықпалы мен беделінің өсу себептері ашылады. Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің арасындағы қатынастардың жаңа деңгейге шығуы, сондай-ақ ЕО стратегиясында Қазақстанның өңірдегі рөлі мен орны ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Петер Бурианның эксклюзивтік мақаласында қарастырылған.

БҰҰ Бас хатшысының Сирия, Ирак және Ауғанстан жөніндегі бұрынғы Арнайы уәкілі Стаффан де Мистура зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі «Дипломатия жаршысы» журналы үшін берген алғашқы эксклюзивтік сұхбатында бітімгершілік, Сирия дағдарысы және Астана процесі туралы пікірлерімен бөліседі.

«Экономикалық дипломатия» айдарында оқырмандардың назарына Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың инвестициялық және экспорттық бағыттарды күшейту бойынша Министрлік жүргізіп жатқан жұмыс туралы жарияланымы; АХҚО Сотының төрағасы Лорд Гарри Вульф CH мырзаның АХҚО құрылымының қызметі туралы мақалалары сериясын қорытындылайтын мақаласы; «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Руслан Жемковпен жүргізілген Еуразиядағы жыл сайынғы аса маңызды іскерлік оқиға – ХІІ АЭФ-тың ұйымдастыру, оның рөлі мен қорытындылары туралы сұхбат ұсынылған.

Жазғы нөмірде: Қазақстан үшін қолданылатын АҚШ экономикалық дипломатиясының тәжірибесі; Африка елдеріндегі Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері; инвестициялар мен технологияларға екпін бере отырып жүргізілетін Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық; ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметі; Қазақстанда жаңа медианы дамыту сияқты басқа да маңызды тақырыптар ашылады.

«Дипломатия жаршысы» қазақ, орыс («Вестник дипломатии») және ағылшын («The Diplomatic Herald of Kazakhstan») тілдерінде шығарылады.

Журналдың PDF, HTML форматтарындағы электрондық нұсқасымен http://mfa.gov.kz/ru/content/Journal сайтында танысуға болады.

Қосылған : 2.07.2019, 17:25, Өзгертілген : 2.07.2019, 17:25