Қазақстанның цифрландыруы ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта форумының назарында

Прагада өтіп жатқан Экономика және қоршаған орта форумының екінші күнінде цифрлы дәуірде Қазақстанда мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында жүзеге асырылып жатқан кешенді реформалар туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі – ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы Қайрат Сарыбай іс-шараның цифрлық экономика мүмкіндіктерін пайдалану мақсатында барлық үлескерлердің мүдделерін ілгерілету тақырыбына арналған сессияға модератор ретінде қатысты.

Сессия барысында технологиялар дамыған кезеңде бірлесе жұмыс істеу, ынтымақтастық және үйлестіру жұмыстарын қоса жүргізу, ақпарат және байланыс саласында бизнес конференция өткізу және ақылды қалалар мен университеттердің желісін орнату туралы ұсыныс жасалды. Бұл өз кезегінде цифрлы дәуірде ұсынылатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану әрі атқарылып жатқан жұмыстың қайталанбау мақсатында маңызды болғанына назар аударылды.

Сессияның пікірталас бөлігінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова форумда көтерілген өзекті тақырыптар бойынша Қазақстанның тәжірибесін таныстыра келе агенттіктің мемлекеттік қызметті дамыту және кәсібилігін арттыру, адам капиталын дамыту, цифрландыру мен сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарып жатқан жұмысы туралы мағлұмат берді. Оның ішіде мемлекеттік аппараттың қызметін жетілдіру, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы кадрлық құжат айналымын электрондық жүйеге көшіру, қосалқы мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінің орталықтандырылуы және автоматтандырылуы мен инвесторларды қорғау жобасының жүзеге асырылуына назар аударды. Өзекті тақырыптардың бірі ретінде Қазақстанда еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесі туралы ақпарат ұсынылды.

«Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев «Цифрлық дәуірде инновациялық бизнес модельдері мен экономикалық өзара байланыстықты ілгерілету» тақырыбына арналған сессияда спикер ретінде қатысып «Бес институционалдық реформаның» шеңберінде Қазақстанның экономикалық дамуы мен адам капиталын жетілдіру жөнінде орталықтың жұмысы туралы ақпарат ұсынды. Сонымен бірге, электрондық үкімет арқылы мемлекеттің ашықтығын қамтамасыз ету тақырыбы бойынша Қазақстанның тәжірибесімен және Қазақстандағы инновациялық бизнесті дамыту тетіктері туралы ойларымен бөлісті.

Қосылған : 7.09.2018, 12:05, Өзгертілген : 7.09.2018, 12:05