​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2019 жылғы 4 наурыз

Мазмұны:

1) Варшавада өтетін Қазақстан-Польша бизнес-форумы туралы;

2) Астанада өтетін Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы туралы;

3) Жас дипломаттармен кездесу және «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» атты кітабының тұсаукесері туралы;

4) Қазақстан мен Аустрия арасындағы саяси консультациялар туралы.

1) Варшавада өтетін Қазақстан-Польша бизнес-форумы туралы

Бүгін Варшава қаласында Қазақстанның Польшадағы Елшілігі, «Kazakh Invest» Ұлттық Компаниясы және Польшаның Бизнес кеңесі бірлесіп ұйымдастыруымен және Польшаның Кәсіпкерлік және технологиялар министрлігі мен Польша Инвестициялар және сауда жөніндегі агенттігінің қолдауымен «Invest in Kazakhstan» атты Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтуде.

Форумға ауылшаруашылық, энергетика, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік, химия, тау-кен металлургия және фармацевтикалық өнеркәсіп салалардағы қазақстандық және поляк компаниялары қатысуда.

Іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты күшейту, екі елдің іскер топтары арасында қолданыстағы тікелей байланыстарды нығайту және жаңаларын орнату, сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық жобаларды, мүмкіндіктерді, бизнеске қолдау механизмдерін таныстыру болып табылады.

2) Астанада өтетін Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы туралы

5 наурызда Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасының іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы өтеді.

Іс-шараға сауда, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салаларда қызмет көрсететін 20-дан астам мысыр компаниялардың басшылары қатысады.

Мысыр делегациясын Сауда және өнеркәсіп министрінің бірінші орынбасары Таха Борайе басқарады.

Форумда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Іс-шараның негізгі мақсаты екі елдің кәсіпкерлері арасында экономиканың түрлі салаларында тікелей байланыстарды орнату, бірлескен кәсіпорындарды құру, сондай-ақ бірлескен перспективалық жобаларға инвестиция тарту болып табылады.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы 1992 жылы
6 наурызда орнатылған Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 27 жылдық мерейтойын тойлауымен сәйкес келуде.

2018 жылы Мысырмен екіжақты сауда көлемі 84 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 16,6 млн. долларға, ал Мысырдан импорт 67,2 млн. долларға жетті.

3) Жас дипломаттармен кездесу және «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» атты кітабының тұсаукесері туралы

Қазақстанда Жастар жылы аясында 5 наурызда Сыртқы істер министрлігі ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтымен бірлесе отырып, біздің министрлігіміздің жас дипломаттарымен және Академияның Дипломатия институтының тыңдаушыларымен кездесу, сондай-ақ сыртқы саяси ведомствомыз жариялаған «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» кітабының ресми тұсаукесері өтеді.

Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Академия ректоры Фатима Жақыпова, Дипломатия институтының директоры Мариан Әбішева, дипломатиялық қызмет ардагерлері, Академия тыңдаушылары, сондай-ақ «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» жобасына қатысушылардың өздері қатысады.

Басылымның тұсаукесері Қазақстандағы Жастар жылы аясында өтуде. Кітап жас дипломаттар берген сұхбаттарының жинағы болып табылады. Онда олар дипломат мамандығын неге таңдағаны туралы өз әңгімелерімен, дипломатиялық қызмет өмірінен алынған естеліктері және қызықты сәттермен, сондай-ақ болашақта еліміздің сыртқы саясатына қатысты көзқарастарымен бөлісуде.

4) Қазақстан мен Аустрия арасындағы саяси консультациялар туралы

6 наурызда Аустрияның Еуропа, интеграция және сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Йоханнес Петерликтің Қазақстанға сапары өтеді.

Сапар шеңберінде аустриялық дипломат Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесуі жоспарлануда. Оған қоса, екі ел арасындағы екіжақты саяси консультациялар өтеді. Бұл саяси консультациялардың маңызды тармағы жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру болып табылады.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ екіжақты және көпжақты форматтағы саяси диалогты тереңдетудің жағдайы мен перспективаларын талқылайды.

Астана мен Вена қазіргі әлемнің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды ұстанады. Аустрия Қазақстанды саяси ынтымақтастық бағытында маңызды әріптес ретінде қарастырады. Ядролық қарусыздану және таратпау тақырыптары, өңірлік қауіпсіздік, экономикалық дипломатияны жандандыру мәселелері екі ел үшін өзара қызығушылық тудырады.

Қосылған : 4.03.2019, 17:30, Өзгертілген : 4.03.2019, 17:30