Министрдің блогы

Құрметті достар,

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына қош келдіңіздер.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған мемлекетіміздің сыртқы саясаты бейбітшілік, ашықтық, көп векторлық, теңгерімділік және прагматизм тұжырымдамасына негізделген. Тәуелсіздікке қол жеткізген 27 жылда еліміз сапалы серпін жасап, экономикалары қарқынды дамып келе жатқан елдер қатарына енді, халықаралық үрдістерге қосылу, мемлекеттік шекараларды заңдастыру, ядролық қаруды таратпау және зымыран-ядролық әлеуетті бөлшектеу міндеттерін сәтті орындаған әлем таныған елге айналды.

Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси ведомство қызметі жақын және алыс серіктестермен тең әрі өзара тиімді қатынастарды дамытуға және кеңейтуге, халықаралық аренада ұлттық мүдделерді және шет елдерде ел азаматтарының мүдделерін қорғауға, шетелдік тікелей инвестицияларды тартуға, Мемлекет басшысының «Қазақстан - 2050», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы», «Рухани жаңғыру», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» сияқты стратегиясы мен бағдарламаларында бекітілген ауқымды жаңғырту жобаларын жүзеге асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Сыртқы саясатты экономизациялау, қазақстандық экономиканың тұрақты және қарқынды дамуына жәрдемдесу, қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерін сыртқы нарыққа шығару, сондай-ақ Қазақстан экономикасының басым секторларын цифрландыру және оларға инновациялық технологияларды тарту Сыртқы істер министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Қазақстанның халықаралық ұйымдар жұмысына белсенді қатысуы отандық дипломатия үшін ерекше маңызға ие. 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу, халықаралық қақтығыстарды шешудегі медиация, Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу, ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті, АХҚО-ны іске қосу, ЕАЭО-мен серіктестікті және басқа да көп жақты ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі маңызды үлесі болып табылады және еліміздің әлемнің жауапты азаматы, халықаралық қоғамдастықтың белсенді және тең құқылы қатысушысы ретіндегі мәртебесі мен беделін нығайтады.

2019 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі ведомство жұмысындағы негізгі халықаралық басымдықтармен қатар, жаңа міндеттерді жүзеге асыруы қажет: халықаралық ұйымдар (БҰҰ, ШЫҰ, ЕАЭО, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ және т.б.) аясында белсенді сыртқы саясатты жалғастыру, Сирия мәселесі жөніндегі Астана процесі, Қазақстан Республикасына инвестициялар мен туристерді белсенді тарту және «экономикалық дипломатияны» одан әрі ілгерілету.

Порталда министрліктің жұмысы туралы және Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтары туралы толық ақпаратты таба аласыз деп сенемін.

Ізгі ниетпен,

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

Атамқұлов Бейбіт

Астана қ., 2018 жылғы 27 желтоқсан

Қосылған : 18.01.2017, 00:25, Өзгертілген : 28.12.2018, 15:30