Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресей мен АҚШ арасында Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындысы бойынша МӘЛІМДЕМЕСІ

 

Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің арасында сириялық дағдарысты реттеудің жалпы жоспарын әзірлеу бойынша 2016 жылғы 9 қыркүйекте қол жеткізілген  Женевадағы уағдаластықты қолдайды.

Шиеленістің  барлық қатысушыларын жоспарды мүлтіксіз орындауға және Сирияны саяси реттеу бойынша сирияаралық келіссөздерді жаңғырту үшін жағымды жағдайлар жасауға шақырамыз. 

Қазақстан Республикасы Алеппо қаласы мен Сирияның басқа қалаларына тұрақты гуманитарлы көмекпен қамтамасыз ету үшін әскери іс-әрекеттерді (2016 жылғы 12 қыркүйектің сағат 00.00-ден бастап) толығымен тоқтату туралы уағдаластықтарды толық қолдайды.

Ресей мен АҚШ арасында Сириядағы террористерге қарсы үйлестірілген соққылар бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар террористік қауіпті тиімді және түпкілікті жоюға бағытталған халықаралық ынтымақтастықтың бастамасы болуына сенімдіміз.

Бұл ұстаным Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясы шеңберінде ұсынған БҰҰ аясында Жаһандық терроризмге қарсы коалицияны (желі) құру жөніндегі Қазақстан Республикасының  бастамасына сәйкес келеді. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қосылған : 10.09.2016, 20:05, Өзгертілген : 22.09.2016, 16:06