«Астана Опера» Мажарстанға Ұлы Дала өнерін паш етті

2017 жылғы 22-23 желтоқсанда Будапештте және Еуропаның мәдени астанасы – Печ қаласында «Астана Операның» концерттері табысты өтті. Аталған ұжым гастролдері «Болашаққа көзқарас: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасының аясында болды.

Қазақстан Елшісі Нұрбах Рүстемов өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында мажар қауымы Ұлы Дала мәдениетімен, қазақ халқының рухани құндылықтарымен таныса алғанын атап өтті.

Концерттерде Симфониялық оркестр, «Астана Опера» хоры, опера және балет әртістері Қазақстан өнерінің шеберлігін көрсетті. Атап айтқанда, мажар қауымы атақты опера әншісі Майра Мұхамедқызының, опера примасы Салтанат Ахметованың, театр әншісі Жұпар Ғабдуллинаның, балет әртістері Бахтияр Адамжан мен Мадина Басбаеваның өнерлеріне тәнті болды. Бұл ретте «Астана Операның» бас дирижері – әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев пен маэстро Айдар Абжаханов дирижерлік жасады.

Әйгілі Ференц Лист атындағы Будапешт Музыка академиясының концерт залдарында және Золтан Кодаи атындағы Печ орталығында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Жерім менің» шығармасы, сондай-ақ қазақтың атақты композиторлары Тлес Қажығалиевтің «Дала аңызы», Мұқан Төлебаевтың айтыс қойылымы, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасы», Еркеғали Рахмадиевтың «Қамар Сұлу» операсынан Қамар мен Ахметтің дуэті және Ахмет Жұбановтың мен Латиф Хамидидің «Абай» шығармасы мажар көрермендері тарапынан жоғары бағаланды. Сонымен қатар Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан граф Ди Лун мен Леонораның дуэті, Дж.Россинидің «Семирамида» операсынан Семирамида каватинасы да көрермендер жүрегіне жол тапты.

«Астана Опера» концерттері Мажарстанға елордамыздың – әлем мәдениетінің болашақтағы орталығының рухы мен көңіл-күйін ғана емес, сонымен қатар шетелдік қауымға қазақстандық өнер шеберлерінің кәсіби деңгейінің жоғары екенін кезекті рет көрсете білді.

Қосылған : 23.12.2017, 23:40, Өзгертілген : 23.12.2017, 23:40