Алтын Емел, Қаратау және Үлкен Алтай табиғи қорықтары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді

Ү.ж. 12 – 15 маусымда Париждегі ЮНЕСКО Штаб-пәтерінде құрамына Қазақстан кіретін «Адам және биосфера» бағдарламасы халықаралық үйлестіру кеңесінің (Manand Biosphere programme– МАВ) 29-шы сессиясы болып өтті.

МАВ кеңесі Қазақстан қорықтарына халықаралық статус беру өтінімдерін қарастырып, «Алтын Емел» ұлттық паркін және «Қаратау» табиғи қорығын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне енгізу туралы шешім қабылдады.

Одан бөлек, ЮНЕСКО-ның МАВ бағдарламасы беделді халықаралық қорықтар желісіне Қазақстан мен Ресей дайындаған трансшекаралық «Үлкен Алтай» биосфералық резерватын енгізді. Бұл резерватқа тиісінше «Қатон-Қарағай» және «Катунский» қорықтары кіреді. Халықаралық сарапшылар Азиядағы бірінші трансшекаралық резерват болып табылатын «Үлкен Алтай» номинациясын дайындау барысындағы Қазақстан мен Ресей ғалымдарының тығыз ынтымақтастығын атап өтті.

Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның МАВ бағдарламасы 35 елдің 55 жас ғалымдарының арасында өткізілген байқаудың (Young Scientists Award) қорытындысы бойынша 7 жеңімпазды анықтады. Жеңімпаздардың ішінде «Қаратау биосфералық резерватында биоәралуандықты зерттеу және жәндіктерді бақылау мен бағу» атты номинациялық жоба дайындаған отандық сарапшымыз Луиза Әбдурасулова сыйлық пен ақшалай жүлдеге ие болды.

Биылғы сессияның барысында МАВ халықаралық үйлестіру кеңесі 23 жаңа нысандарды бекітті. Бүгінгі таңда Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісі 120 елдегі 692 нысанды қамтиды. Қазақстан аумағында ЮНЕСКО-ның 9 биосфералық резерваты бар (Алакөл, Ақсу Жабағлы, Алтын Емел, Барса келмес, Қорғалжын, Қатон-Қарағай, Қарату және Үлкен Алтай).

Қазақстандық қорықтардың халықаралық биосфералық резерваттар стаусына ие болуы белгіленген аймақтардың туристік және экономикалық әлеуетін көтеруге, соның ішінде эко-туримзді, тұрақты дамуды ілгерілетуге және елдің аумағында биологиялық әралуандықты сақтауға септігін тигізеді.
Қосылған : 16.06.2017, 11:20, Өзгертілген : 16.06.2017, 11:20