Қазақстан Елшісі Мысыр Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

2 қазанда Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Арман Исағалиев Мысыр Президенті Әбдель-Фаттах әс-Сисиге сенім грамоталарын тапсырды.

Сұхбат барысында қазақстандық дипломат Ә. әс-Сисиге Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

А. Исағалиев Қазақстан мен Мысыр арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, құқықтық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастардың жоғары деңгейін, сондай-ақ аталмыш бағыттарда екіжақты ынтымақтастықтың дамуына үлкен серпін берген Мысыр Президентінің 2016 жылы Астанаға жасаған ресми сапарының маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, Мысырдың Президенті Қазақстанмен екіжақты қатынастарды жандандыруға қызығушылығын растады. Ә. әс-Сиси Қазақстанның халықаралық абыройын және оның әлемдегі өзекті мәселелерді шешуде өсіп келе жатқан рөлін жоғары бағалады. Ол ҚР Президенті Н. Назарбаевқа ыстық сәлемдерін жолдады және Қазақстан халқына әрі қарай даму мен гүлдену тіледі.

Қосылған : 3.10.2017, 17:20, Өзгертілген : 3.10.2017, 17:20