Нұр-Сұлтанда Қазақстан-Вьетнам Үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысы өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 17 қазан – Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Вьетнам сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 9-шы отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны Комиссияның қазақстандық бөлігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, ал Вьетнам делегациясын Вьетнам Социалистік Республикасы Сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Хоанг Куок Выонг басқарды.

Тараптар ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде күріштің жаңа сорттарын өсіру үшін екі елдің ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы өзара іс-қимыл арқылы үлкен әлеуеттің бар екендігі туралы келісті. Комиссияның алдыңғы отырысының келісімдерін, соның ішінде адамдарды ұстап беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімдердің жүйелі түрде орындалуын, сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықтың жандандыруын атап өтілді.

Комиссия басымдықтар ретінде 2020 жылы Ауыл шаруашылығы бойынша кіші комитеттің бірінші отырысын өткізу, «АХҚО» шеңберінде ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ ветеринария, контейнерлік тасымалдау саласындағы, сотталған адамдарды беру мен өзара құқықтық көмек, кеден саласындағы ынтымақтастық жөнінде және екі елдің ауылшаруашылық институттары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу секілді бағыттарды айқындады.

Қазақстан мен Вьетнам Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімнің тараптары ретінде тауарлардың экспорты мен импортын кеңейту мақсатында екі елдің іскер топтары үшін преференциялары туралы ақпаратты тарату жөніндегі жұмысты жандандыруға, сондай-ақ жеңіл, тамақ және қайта өңдеу салаларында бірлескен өндірістер құру, атап айтқанда киім мен аяқ киім заманауи өндірісін ұйымдастыруға күш салуға келісті.

ҮАК тең төрағалары 2020 жылғы 8-11 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтуі жоспарланған ДСҰ-ның 12-ші Министрлік конференциясын және Қазақстан азаматтарына Вьетнамға электрондық виза берілген елдердің тізіміне қосылуын құптады.

Тараптар туризм саласында ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін көрсетіп, оған екі елдің азаматтары үшін визалық режимді одан әрі жеңілдету, Ханой мен Хошиминге тікелей рейстерді іске қосу, Нұр-Сұлтан мен Ханой және Алматы мен Хошимин қалалары арасында бауырластық байланыстарды дамыту септігін тигізетіндігін атап өтті.

Вьетнам тарапы Алматы облысында «Маревен» вьетнамдық компаниясының азық-түлік өнімдерін өндіруге арналған инвестициялық жобасын сәтті жүзеге асыруға көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді (50 млн. АҚШ долл. инвестициялар тартылды, 500 жұмыс орны ашылды).

Жалпы, отырыстың күн тәртібі саяси, сауда-экономикалық, қаржылық, білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен кеңейтуге бағытталған мәселелердің кең ауқымын қамтыды.

Екіжақты ынтымақтастықтың негізгі тетігі болып табылатын Комиссия отырысының сәтті өткізілуі елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды одан әрі нығайтуға айтарлықтай серпін берді.

Комиссияның келесі отырысы Вьетнамда өтетін болады.

Қосылған : 19.10.2019, 15:55, Өзгертілген : 19.10.2019, 15:55