Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 7 қазан


Мазмұны:

  • Болгария Вице-президентінің Қазақстанға сапары туралы;
  • Ресей Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы;
  • Берлин Еуразиялық Клубының 27-ші отырысы туралы;
  • ЕҚЫҰ-ның Ауғанстан жөніндегі дөңгелек үстелі туралы;
  • ҚР Сыртқы істер министрінің ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысуы туралы;
  • Моңғолия Премьер-министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы.


1. Болгария Вице-президентінің Қазақстанға сапары туралы

Бүгін Болгария Республикасының Вице-президенті Илияна Йотованың Қазақстандағы Болгар диаспорасының шақыруымен Нұр-Сұлтан және Павлодар қалаларына екі күндік жұмыс сапары басталды.

Сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевпен келіссөздер жүргізілді. 8 қазанда болгар делегациясы Павлодар қаласына барады, онда облыс және қала басшыларымен, сондай-ақ болгар диаспорасымен кездесулер өтеді.


2. Ресей Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы

8-9 қазанда Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстан Республикасына ресми сапары өтеді.

Сапар аясында С. Лавровтың Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесулері жоспарланған.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары арасындағы алдағы диалог барысында Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастығының негізгі мәселелері, БҰҰ, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграциялық бірлестіктер аясындағы екі елдің өзара іс-қимылдары талқыланады.

Сонымен қатар, келіссөздердің негізгі тақырыптарының ішінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заманауи сын-қатерлер мен қауіптер.

Сондай-ақ тараптар ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланып отырған Омбы қаласындағы Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының XVI форумы, Бішкек қаласындағы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі және т.б. жоғары деңгейдегі алдағы екіжақты және көпжақты іс-шараларды дайындау мәселелерін талқылайды. 



3. Берлин Еуразиялық Клубының 27-ші отырысы туралы

9 қазанда Брюссель қаласында «Еуроодақтың Орталық Азия бойынша Жаңа стратегиясы – аймақтық ынтымақтастықты күшейту» тақырыбындағы Берлин Еуразиялық Клубының 27-ші отырысы өтеді.

Іс-шараның бағдарламасында ЕО құрылымдарының жоғары өкілдерінің, қазақстандық делегациясының басшысы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың баяндамалары, сондай-ақ Қазақстан, Германия және Бельгияның мемлекеттік органдары мен іскерлік топтар өкілдерінің, сарапшылардың панельдік пікір алмасуы көзделген.

Брюссельде болу барысында қазақстандық дипломат Бельгия экономикасының «капитандарымен» бірқатар кездесулер өткізеді.


4. ЕҚЫҰ-ның Ауғанстан жөніндегі дөңгелек үстелі туралы

9 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің қатысуымен Ауғанстан бойынша ЕҚЫҰ дөңгелек үстелі өтеді. 

Аталған іс-шараға ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы миссияларының басшылары, БҰҰ Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының және БҰҰ Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі Аймақтық орталығының, ШЫҰ, АӨСШК және т.б. өкілдері, сондай-ақ ғылыми-зерттеу топтары мен талдау орталықтары қатысады.

Іс-шара барысында халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері іс-шараға қатысушыларды Ауғанстанға қалпына келтіру және көмек көрсетуге қатысты олардың қызметі туралы хабардар етеді. 


5. ҚР Сыртқы істер министрінің ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысуы туралы

10 қазанда ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түрікменстанның төрағалығымен Ашхабад қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысады.

Сыртқы саяси ведомстволар басшыларының күн тәртібінде - халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер, Достастық шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары, қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар шешімдерді келісу.


6. Моңғолия Премьер-министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы

10-12 қазанда Моңғолия Премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсуха Қазақстанға ресми сапармен келеді.

Сапар барысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминмен келіссөздер жоспарланған, оның барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланады. 

Екі елдің үкімет басшыларының қатысуымен білім беру, терроризмге қарсы іс-қимыл, қылмыстық және азаматтық істер бойынша құқықтық көмек салаларында екіжақты ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға арналған бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылу жоспарлануда.

Екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-моңғол бизнес-форумын өткізу, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы мен бірқатар кәсіпорындарға бару жоспарланған.

Моңғолия Үкіметі басшысының ресми сапары екіжақты мемлекетаралық қатынастарды дамытудағы маңызды оқиға болмақ.

Қосылған : 7.10.2019, 16:50, Өзгертілген : 7.10.2019, 16:50