Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 30 қыркүйек

Мазмұны:


  1.  Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарының қорытындылары туралы;
  2.  ҚР визасыз кіруге құқығы бар елдердің тізімін кеңейту туралы;
  3.  Норвегиядағы біздің азаматтарымызға қатысты.


1. Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарының қорытындысы туралы

2019 жылғы 22-25 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының жұмысына қатысу үшін Нью-Йорк қаласына сапары өтті. 

Сапар барысында халықаралық қоғамдастыққа сыртқы саяси бағыт сабақтастығының сақталуы көрсетіліп, Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарын өзектендіру мен жаһандық саясат пен экономика мәселелері бойынша біздің еліміздің көзқарастарын ұсынуға ерекше көңіл бөлінді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы трибунасынан Қазақстан өрбіп келе жатқан шиеленіс пен бәсекелестік жағдайында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде басты болып табылатын мультилатерализм және саяси-дипломатиялық әдістер қағидаттарына деген өзінің ұстанымын тағы да растады.

Әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанның қазіргі сын-қатерлерге ден қою бойынша қабылдап жатқан нақты қадамдары, қазіргі заманның аса өткір мәселелерін шешу үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру жөніндегі ұсыныстары ұсынылды. Орталық Азиядағы саяси өзара іс-қимылды нығайтуға, экономикалық кооперацияны дамытуға, терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және т.б. мәселелерге ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ сапар аясында Иордания Королі, Польша, Швейцария, Молдова, Грузия, Болгария, Финляндия, Украина президенттерімен және Люксембург Премьер-министрімен келіссөздер жүргізілді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен алғашқы кездесуі Америка Құрама Штаттарымен кеңейтілген стратегиялық серіктестікке жаңа серпін беретін болады деп сенеміз.

«Атлант кеңесі» ықпалды америкалық сарапшы орталығының сарапшыларымен дөңгелек үстел Америка истеблишменті үшін Қазақстанның негізгі месседждерін таратуға мүмкіндік берді.


2. Қазақстанға визасыз кіруге құқығы бар елдердің тізімін кеңейту туралы

Өздеріңізге белгілі болатындай, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 45 елдің азаматтары Қазақстанға отыз күнтізбелік күнге дейін визасыз келуге құқылы.

Қазақстанның саяси, экономикалық және инвестициялық мақсаттарын, сондай-ақ басқа да мүдделерін негізге ала отырып, бұл тізім кеңейтілді.

Бүгінгі күннен бастап Қазақстан Республикасына визасыз кіру режимі бар елдердің тізімін кеңейту туралы ҚР Үкіметінің қаулысы күшіне енеді. 

Атап айтқанда, 45 мемлекеттің тізіміне қосымша 12 ел енгізілді: Бахрейн, Ватикан, Вьетнам, Индонезия, Катар, Колумбия, Кувейт, Лихтенштейн, Оман, Сауд Арабиясы, Таиланд және Филиппин. Қаулымен аталған елдердің азаматтары үшін, егер олардың Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстанның Мемлекеттік шекарасынан өткен сәттен бастап 30 күнтізбелік күннен аспайтын болса, визасыз кіру/шығу құқығын беру көзделген.

Визалық формальдылықты жою шетелдік инвесторлардың, бизнесмендер мен туристердің санын арттыруға бағытталған. Визалық режимді жеңілдету Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді.

2005-2018 жылдары Қазақстанға аталған елдерден 876,3 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылған (Оман – 253,2 млн, Индонезия – 216,5 млн, Лихтенштейн – 170 млн, Сауд Арабиясы – 106,1 млн, Кувейт – 55,9 млн, Катар – 43,1 млн, Филиппин – 16,6 млн, Бахрейн – 14,7 млн, Таиланд – 0,2 млн.)

Қазақстан мен жоғарыда көрсетілген елдер өзекті халықаралық проблемаларды реттеу жөніндегі өз іс-қимылдарын тығыз үйлестіре отырып, көпжақты және екі жақты форматтарда тиімді өзара іс-қимыл жасауда.

Мемлекет басшысы СІМ-нің алдына біздің азаматтарымыз визасыз бара алатын елдердің тізімін кеңейту жұмыстарын жандандыру туралы міндетін қойды. СІМ қызметі ҚР азаматтарының еркін жүріп-тұру принципін алға жылжытуға бағытталған.


3. Норвегиядағы біздің азаматтарымызға қатысты

Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылғы 25 қыркүйекте Эйдсвол графствосында Норвегияның көші-қон биліктерімен жоспарлы тексеру барысында Норвегияға маусымдық жұмыс үшін келген Қазақстанның 59 азаматы тарапынан миграциялық ереже бұзғаны анықталған, олардың көпшілігі Норвегияға туристік визамен келген.

Бүгінгі таңда 59 азаматтың 45-і Қазақстанға оралды, ал қалған 14-і бүгін ұшады деп жоспарлануда.

Біздің Норвегиядағы елшілік мемлекет атынан осы жағдайға тап болған біздің азаматтарымызға толық қолдау көрсетті. Дипломаттар біздің азаматтарымыздың жанында үнемі болып, олардың ықпал етуінің арқасында бұл мәселе норвегиялық билікпен жедел шешілді. Тексеру қорытындысы бойынша норвегиялық тарап барлық ұсталғандарға авиабилеттер сатып алу және оларды Отанына жөнелтуді бастау туралы шешім қабылдады.

Ұсталған тұлғалар өздерінің ісіне байланысты мәселелерді жедел шешкені үшін Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігіне алғысын білдірді.

Жалпы, заңсыз еңбек көші-қоны өзекті мәселе болып табылады. Біздің елімізде азаматтарды шетелге жұмысқа заңсыз жіберумен айналысатын бірқатар компаниялар мен жеке тұлғалар жұмыс істейді.

Осыған байланысты маусымдық жұмысқа рұқсатты рәсімдеу жөніндегі Норвегиялық ережелер өте қатаң екенін тағы да еске саламыз. Норвегияға Қазақстандағы басқа еуропалық мемлекеттердің елшіліктері арқылы рәсімделген Шенген визасымен ұшып келуге және осы елдің аумағында маусымдық жұмысшы ретінде құжаттарды тапсыруға жол берілмейді.

Қазақстан азаматтары үшін тиісті рұқсаттар мен визаларды Норвегияның Мәскеудегі Елшілігі ғана береді. Қажетті сауалнамалардың/нысандардың және құжаттарды берудің бекітілген талаптары осы дипмиссияның веб-сайтында көрсетілген. Бұл ретте маусымдық келісімшарт Норвегияда 6 айдан аспайтын уақыт жұмыс істеуге ғана мүмкіндік беретінін және ол аяқталғаннан кейін елден кетуді талап ететінін ескертеміз.

Қазіргі кезде интернетте өздерін шетелде жұмысқа орналастыру жөніндегі агенттер ретінде жарнамалайтын «делдалдардың» көп болуына байланысты барлық азаматтарымызды сақ болуға шақырамыз.

Қосылған : 30.09.2019, 17:05, Өзгертілген : 30.09.2019, 17:05