Нұр-Сұлтан және Лондон екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттар теңестірді»


ЛОНДОН, 2019 жылғы 24 қазан – Қазақстандағы ауқымды реформалар бағдарламасын әрі ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асыруды және Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуын қоса алғанда, екі елдегі маңызды қоғамдық-саяси үдерістер контекстіндегі стратегиялық әріптестікті Қазақстан мен Ұлыбритания одан әрі нығайтуға дайын. Осындай тақырыптар бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Кристофер Пинчермен кездесуі барысында талқыланды.

Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың өзекті және перспективалық мәселелерін, сондай-ақ «Kazakhstan Global Investment Forum – 2019» инвестициялық форумының, Қазақстан-Британ Іскерлік Кеңесінің қорытындыларын және Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысының жұмысын қарастырды.

Р. Василенко әріптесін еліміздегі қазіргі жағдаймен және саяси өзгерістермен таныстырды. «Қазақстанның қазіргі саяси жүйесі ашық, сенімді және тұрақты әрі ҚР заңнамасына сәйкес биліктің конституциялық сабақтастығын қамтамасыз етеді. Біз Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатындағы стратегиялық бағытының өзгермейтіндігін растаймыз», – деп атап өтті қазақстандық дипломат.

К. Пинчер Қазақстанның саяси жаңғыру процесінің серпінін атап өтіп, Ұлыбританияның елімізбен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға ниеттілігін растады. Британдық министр ағылшын құқық қағидаттары мен нормаларына жүгінетін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ашылуы екі мемлекет арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңызды жетістіктерінің бірі екендігін атап өтті.

Тараптар сондай-ақ Біріккен Корольдіктің Еуропалық Одақтан шығу үдерісі аяқталғаннан кейін бекітілуге жоспарланған екі мемлекет арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімнің жобасын талқылады.

«Жаһандық Британия» тұжырымдамасы аясында өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын талқылау аясында «британдық технологиялар мен тәжірибе, қазақстандық ресурстар мен транзиттік-көліктік әлеует, қытай инвестициялар мен нарықтар» формуласының әлеуеті атап өтілді.

Өңірдегі жағдай туралы айта отырып, тараптар Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіруге бағытталған Қазақстанның шараларын атап өтті. Оның ішінде Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен жақында Қазақстанда іске қосылған ауған әйелдері үшін білім беру жобасы да болды.

Сонымен қатар кездесу барысында қорғаныс және қауіпсіздік, мәдени, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық талқыланды. 

Кездесу қорытындысы бойынша әңгімелесушілер талқыланған мәселелердің кең кешені бойынша өзара түсіністікке қол жеткізіп, екіжақты қарым-қатынастардың барлық сұрақтары бойынша ұзақ мерзімді әріптестікті одан әрі нығайтуға деген дайындығын растады.

Қосылған : 25.10.2019, 09:05, Өзгертілген : 25.10.2019, 09:10