Малайзия бизнес-делегациясының Алматы қаласына сапары өтті


2019 жылдың 16-18 қазан аралығында Малайзиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Малайзиялық бизнес-делегациясының Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматы қаласына сапары өтті.

Малайзия тарапын энергетика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ислам қаржылары, электроника және ақпараттық технологиялар сияқты экономиканың түрлі салаларынан мемлекеттік және жеке сектордың 16 компаниясы қатысты. «Малайзияның сыртқы саудасын дамыту корпорациясы» (MATRADE) Бас директорының орынбасары Мұстафа Абдул Азиз бастаған, «Aquila Emas», «BS2B», «DASTO», «Green House», «IMP», «IDRICA», «ZHULIAN» және т.б. компаниялары қатысушылар қатарында болды.

Сапар аясында Қазақстан Республикасындағы Малайзия Eлшілігінің туризм және сауда кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылған бизнес-форумға Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының, даму институттарының, ұлттық компаниялардың басшылары, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. 

Қазақстандық тарап ислам қаржылары, халал индустрия, электрондық коммерция, туризм, денсаулық сақтау, ақпараттық қауіпсіздік сияқты перспективті бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде М. Абдул Азиз елдер арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін осындай кездесулер өткізудің маңыздылығына назар аударды.

Форум аясында қатысушылар инвестициялық ахуалды жетілдіру бойынша қабылданған іс-шаралармен, сондай-ақ  еліміздің экспорттық және көліктік-логистикалық мүмкіндіктерімен танысты.

Отырыс қорытындылары бойынша «Biohayat» және «F&N Diaries Manufacturing» компаниялары арасында салқындатқыш сусындар өндіру және дистрибуция саласында, сондай-ақ исламдық қаржыландыру және әлеуетті инвесторларды тарту саласында «Al-Saqr Finance» және «CSQ Law» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Малайзиялық «Aquila Emas» және «Kazakh Tourism» компаниялары арасында 2020 жылдың көктемінде еліміздің негізгі көрнекті орындары туралы фильмнің түсірілімін өткізу туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді.

Форум аясында өткен B2B кездесулер мен келіссөздер барысында екі елдің іскер топтары сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі екендерін білдірді.

Бүгінгі таңда Малайзия Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің қатарына кіреді. 2018 жылы екі жақты сауда көлемі 2017 жылмен (123,4 млн. долл., 2016 жылы - 82,9 млн.  долл.)  салыстырғанда төрт есе өсіп 478 млн.  долл. құрады, ал 2019 жылғы қаңтар – тамызда өзара сауда 605,3 млн.  долл. құрап, 2018 жылдың (112,7 млн. ) сол кезеңімен салыстырғанда 5 есеге өсті. 2019 жылғы қаңтар-тамызда қазақстандық өнімнің экспорты 541,5 млн. долл., импорт 63,8 млн. долл. құрады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда малайзиялық компаниялар инвесторлармен бірлесіп, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында жалпы сомасы 1 млрд. АҚШ долл. құрайтын бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Қосылған : 18.10.2019, 19:00, Өзгертілген : 18.10.2019, 19:00