Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолдары Корольдіктің Сауда-өнеркәсіп палатасы кеңесі басшылығымен талқыланды

2019 жылғы 16 қазанда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Корольдіктің Сауда-өнеркәсіп палатасы кеңесінің төрағасы доктор Сами Абдалла аль-Абидимен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтудің жолдарын талқылап, Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктермен таныстырды.

Атап айтқанда, Елші сұхбаттасушы тарапты Қазақстанның қазіргі экономикалық дамуы, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қызметі, еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал және оны одан әрі жақсарту бағытында үкіметтің қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар етті.

Сами аль-Абиди Қазақстанның экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпаратты үлкен қызығушылықпен қабыл алып, екі ел кәсіпкерлері арасында өзара тиімді байланыстар орнатуға барынша атсалысуға дайындығын білдірді.

Ынтымақтастықтың басымдыққа ие бағыттарын айқындау мақсатында, Корольдіктің аймақтық сауда-экономикалық палаталары және Қазақстанның сауда-экономикалық бағыты мен туризм саласына жауапты мекемелері өкілдерінің қатысуымен Рияд қаласында арнайы семинар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы Іскерлік кеңесін құру мен 1-ші отырысын өткізуге қатысты жұмыстарды жандандыруға келісті.

Бас-пәтері Эр-Рияд қаласында орналасқан САК Сауда-өнеркәсіп палаталарының кеңесі 1980 жылғы наурыздағы Корольдің жарлығына сәйкес құрылған. Кеңес Корольдіктегі өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, қаржы жүйесі мен қызмет көрсету саласында кәсіпкерлікпен айналысатын кіші, орта және ірі іскер топ өкілдерінің мүдделерін өкілеттік етеді. Сондай-ақ Кеңес елдің 28 аумағында орналасқан сауда-өнеркәсіп палаталарының шетелдік серіктес ұйымдармен және іскер топтармен байланыстарын орнату мен дамытуға ықпал етеді.

Қосылған : 17.10.2019, 10:00, Өзгертілген : 17.10.2019, 10:00