Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Король Фейсал Қоры жанындағы Король Фейсал Сыйлығы комитетіне барды

Ү.ж. 14 қазанда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Король Фейсал Қоры жанындағы Король Фейсал Сыйлығы комитетіне барып, оның Бас хатшысы Абдулазиз әл-Себайлмен кездесті.

Бас хатшы Елшіні ыстық ықыласпен қарсы алып, Король Фейсал қоры және оған қарасты Фейсал атындағы сыйлық комитетінің жұмысы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Жыл сайын бес номинация, атап айтқанда исламға қызмет ету, ислам зерттеулері, араб тілі мен әдебиеті, медицина, ғылым бойынша халықаралық жүлделер табысталатынын хабарлады. Қазақстанның мүдделі мекемелерімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.

Елші өз кезегінде Бас хатшының жылы қабылдауына алғысын білдіре отырып, Қазақстанның ислам әлеміндегі ғылым мен технологияларды дамыту, ынтымақтастық пен татулықты нығайтуға қатысты бастамалары туралы кеңінен әңгімелеп берді. Келесі жылы Қазақстанда ұлы ойшыл, ғалым Абу Наср Әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өткізілетіндігін хабарлады. 

Исламға қызмет ету номинациясы бойынша сыйлық әдетте саяси және қоғам қайраткерлеріне, ұлы ғұламаларға және халықаралық ұйымдарға тапсырылады. Түрлі жылдарда жүлдені Малайзияның Премьер-Министрі Махатхир Мұхаммед, Түркияның Президенті Режеп Эрдоған, Сенегалдың Президенті Абду Дуюф, Әл-Азхардың Шейхі Мұхаммед Тантауи алған. Ал Ғылым номинациясы бойынша танымал Нобель сыйлығының лауреаттары профессор Джеймс Фрезер Штоддарт (химия), профессор Франк Вилсзек (физика), профессор Джеймс Ротман (биология) және өзге де белгілі ғалымдар жүлделі болған.

Король Фейсал Сыйлығы комитеті 1976 жылы құрылып, алғашқы марапаттау рәсімі 1979 жылы өткен. Бастапқы кезеңде Исламға қызмет ету, Ислам туралы ғылыми жұмыстар, Араб тілі мен әдебиеті номинациялары болса, 1982 жылы медицина және 1983 жылы ғылым номинациялары қосымша енгізілді. 40 жылда 43 елдің 265 тұлғасы Король Фейсал жүлдесін алған, 21 Нобель сыйлығының иегерлері бар.

Қосылған : 14.10.2019, 20:00, Өзгертілген : 14.10.2019, 20:00