ТМД Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Достастық шеңберіндегі ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюін растады


АШХАБАД, 2019 жылғы 10 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түрікменстан астанасында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) кезекті отырысына қатысты. Ағымдағы жылы Түрікменстан Достастықта төрағалық етеді.

Іс-шара аясында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді, Достастық шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады, қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға ықпал ететін бірқатар шешімдерді келісті. Атап айтқанда, ТМД Үкімет басшылары кеңесінің қарауына енгізілетін 2000 жылғы 30 қарашадағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлданды.

Отырыс қорытындысы бойынша ТМД елдерінің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы әріптестікті жандандыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы қабылданды, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы кеңес халықтарының жеңісіне 75 жыл толуына байланысты Мемлекет басшыларының Достастық елдерінің халықтарына және әлемдік қоғамдастыққа үндеу жобасы мақұлданды.

ТМД СІМК шеңберінде Орталық Азия елдері мен Ресей Сыртқы істер министрлерінің екінші кездесуі өтті, онда өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Биыл Достастықта төрағалық Өзбекстан Республикасына өтті. ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2020 жылдың 3 сәуірінде Қазақстанда өтеді.

Сол күні Министр М. Тілеуберді Түрікменстанның Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздер жүргізді.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды нығайту перспективаларын талқылады. Негізгі акцент сауда-экономикалық және көліктік өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталды. Министрлер сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті.

СІМ басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қосылған : 10.10.2019, 20:10, Өзгертілген : 10.10.2019, 20:10