Сауд Даму Қоры Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделі

2020 жылғы 11 наурызда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Сауд Даму Қорының Атқарушы директоры Халед бен Сулейман әл-Худайримен кездесті. 

Кездесу барысында Қазақстанда ірі даму және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға Сауд Даму Қорының қатысу мүмкіндігіне байланысты мәселелер талқыланды. Осы ретте, Елші Б.Арын сауд тарапын еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен кеңінен таныстырып өтті.

Сауд Даму Қорының басшылығы Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға және елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобаларға ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер бөлу арқылы қатысуға дайындығын жеткізді. 

Айта кету керек, Сауд даму қоры 2001 жылы Нұр-Сұлтан - Қарағанды тас жолын салуға 12 млн. АҚШ долларын бөлген болатын.

1974 жылғы қазанда Король жарлығымен құрылған Сауд Даму Қорының басты мақсаты дамушы елдердің экономикасына, оның ішінде, көлік инфрақұрылымы, ауылшаруашылықты дамыту, энергетика және т.б. әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру арқылы жеңілдетілген несие беру болып табылады. Қор бүгінге дейін 83 дамушы елде 688 жобаны жүзеге асыруға 16,5 млрд. АҚШ доллар жеңілдетілген несие берген. 

Қосылған : 12.03.2020, 10:00, Өзгертілген : 12.03.2020, 10:00