Каирде танымал қазақстандық журналист марапатталды

Каирде Халықаралық әйелдер экономикалық форумы (WEF) аясында белгілі қазақстандық журналист Ақмарал Баталова Сириядағы гуманитарлық дағдарысты объективті түрде көрсеткені және Қазақстанның халықаралық аренада бітімгершілік рөлін таныстырғаны үшін «Ерекше артықшылығы бар әйел» номинациясында марапатқа ие болды.

Журналист Сирияға әскери дағдарыс кезінде бірнеше рет ресми түрде келіп, «Хабар24» арнасына репортаждар жасады. А.Баталованың «Sezar Films» продюсерлік орталығының ұжымы Сирия мәселесі, Астана процесі, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмысының нәтижелері туралы деректі фильмдерді түсірді.

Қазіргі уақытта соғыс нәтижесінде зардап шеккен Алеппо қаласындағы түсірілген «Рябина на руинах» деректі фильмі Мәскеу кинофестиваліне қатысады.

Өткен жылы қазақстандық журналист WinTrade халықаралық ұйымының «Жыл әйелі» сыйлығына ұсынылған болатын және Сирия дағдарысының гуманитарлық проблемаларын айқындаудағы объективтілігі және Астана процесінің нәтижелерін паш етуге белсенді күш салғаны үшін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің дипломымен марапатталды.

Әйелдер экономикалық форумы - Әйелдер лигасының (All Ladies League, ALL) ғаламдық желісінің бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, ол – қайырымдылық көзқарастағы барлық нәсілдер, мәдениеттер мен діндер өкілдерімен ынтымақтастықты дамытатын ең ірі халықаралық коммерциялық емес ұйым. ӘЭФ-тің негізін қалаушы доктор Харбин Арора – Дүниежүзілік әйелдер лигасының төрайымы.

ӘЭФ жыл сайын әлемнің әртүрлі елдерінде өткізіледі. Биылғы жылы ол Каирде Мысыр Үкіметі мен Президенті Әбдель Фаттах ас-Сисидің қамқорлығымен өтті.

Қосылған : 11.03.2020, 20:45, Өзгертілген : 11.03.2020, 20:45