Саудтық «SABIC» мұнайхимиялық компаниясы елімізбен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылығын білдірді

Рияд, 2020 жылғы 9 наурыз – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын саудтық «SABIC» мұнайхимиялық ұлттық компаниясының Бас директоры Юсеф әл-Беньянмен кездесті. 

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жолдарын, оның ішінде бұл компанияның Қазақстандағы мұнайхимия саласындағы ірі инвестициялық жобаларға қатысу мәселелерін талқылады.

Елші Қазақстандағы инвестициялық ахуал, елдегі жеңілдіктер мен мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты баяндап, «SABIC»-ке қызығушылық танытуы мүмкін бірқатар қазақстандық жобалармен таныстырды. 

Ю.әл-Беньян өз кезегінде қазақстандық тараппен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылығын білдіре отырып, екі елдің мүдделеріне жауап беретін жобаларды зерделеуге уәде берді. 

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптардың келіссөздерін,  соның ішінде Қазақстанда жалғастыруға қол жеткізді. 

Әртараптандырылған «SABIC» компаниясы 1976 жылы құрылып,  оның қызметі түрлі химиялық заттарды, өнеркәсіптік полимерлерді, тыңайтқыштар мен металдарды өндіруге бағытталған. Бүгінгі таңда SABIC әлемдегі төртінші ірі мұнай-химия компаниясы, атап айтқанда, полиэтилен өндіруде үшінші, полиолефин мен полипропилен өндіруде төртінші, моноэтиленгликоль, түйіршіктелген несеп нәр, поликарбонат, полифенилен және полиэтеримид бойынша әлемдегі ең ірі өндіруші болып табылады.

«SABIC» өз қызметін әлемнің 50-ден астам елінде жүргізеді, ал жұмысшыларының саны 40 мыңға жетеді. SABIC-тің әлемдік өндірістік базалары Америкада, Еуропада, Таяу Шығыста және Азия-Тынық мұхиты аймағында орналасқан. «SABIC» компаниясы технология мен инновацияның дамуына белсенді атсалысады және 11 мыңнан астам жаһандық патенттік сұранымдар мен ірі ғылыми ресурстарға ие. Компанияның жалпы активі 85 млрд. АҚШ долларынан асады.


Қосылған : 10.03.2020, 10:00, Өзгертілген : 10.03.2020, 10:00