Лиссабон қаласында Португалиямен көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды



Елші Дәулет Батырашев Португалия СІМ-нің Мемлекеттік хатшысы Тереза Рибейрумен кездесу өткізді.

Ағымдағы жылғы жоспарланған саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты іс-шаралар талқыланды. Тараптар екі елдің орталық және өңірлік өкімет органдары арасында әрекеттесу әлеуетін жоғары бағалап, ҚР мен Португалия сыртқы саяси ведомстволары арасында консультацияларды тұрақты түрде өткізу оң тәжірибесін жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Қазақстандық дипломат еліміздің дамуының қазіргі кезеңдегі басты міндеттерімен таныстырып, түрлі этникалық топтардың үйлесімді қатар өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына және 2020 ж. ҚХА-ның 25-жылдығы мерекеленетіндігіне, сондай-ақ ҚР сыртқы саясатының басым бағыттарына, ядролық қауіпсіздік, дінаралық диалог, терроризмге қарсы күрес салаларындағы халықаралық бастамаларына назар аударды. Халықаралық ұйымдар шеңберінде қалыптасқан өзара қолдау тәжірибесі және екі елдің бұл тәжірибені кеңейтуге дайын екені атап өтілді.

Сонымен қатар, Д.Батырашев Лиссабон қаласында орналасқан Португалтілді мемлекеттер достастығының (CPLP) штаб-пәтеріне барып, Атқарушы хатшысы, португал дипломаты Франсишку Рибейро Теллешпен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар CPLP-ның Қазақстан және Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымымен (ТҮРКСОЙ) мәдени және тіл мұрасы, әлеуметтік және экономикалық салаларында әрекеттесудің перспективаларын талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша, іс-шараларды өткізу, мәдени мұра тарату және өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілету бойынша тығыз ынтымақтастықтың әлеуеті атап өтілді.

Португалтілді мемлекеттер достастығының (Comunidade dos Países de Língua Portuguesa, CPLP) – 1996 ж. шілдесінде құрылған, ресми мемлекеттік тіл португал тілі болып табылатын елдерді біріктіретін халықаралық ұйым.

Достастықтың миссиясы – португал тілін ілгерілету, мүше мемлекеттері арасында саяси және дипломатиялық ынтымақтастық, ғылым, білім және мәдениет қоса алғанда барлық салаларда өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету.

CPLP-ның мүшелері: Португалия, Ангола, Бразилия, Гвинея-Бисау, Кабо-Верде, Мозамбик, Сан-Томе және Принсипи, Шығыс Тимор және Экваторлық Гвинея.

Қосылған : 21.02.2020, 19:20, Өзгертілген : 21.02.2020, 19:20