Қазақстан-португалдық сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық Лиссабонда талқыланды


ЛИССАБОН, 2020 жылғы 15 қаңтар - Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев Португалияның Сауда-өнеркәсіп палатасының (CCIP) Президенті Бруно Бобонемен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту келешегі, Қазақстанның экономикасына инвестицияларды тарту бойынша нақты жобаларды іске асыру және португалдық іскерлік делегациялардың сапарларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Қазақстандық дипломат шетелдік инвесторларды қорғау бойынша қабылданған шаралары - инвестициялық омбудсмен институтын енгізу, еркін экономикалық аймақтар мен инвестициялық преференциялар жүйесін енгізу, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі және басқа да алаңдардың қызметі туралы хабарлады.  Еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетіне және логистика мен жүктерді тасымалдау саласында серіктестік қатынастарды құру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Сұхбаттасушылар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін оң бағалады. Қазіргі таңда Қазақстанда португалдық капиталы бар 25 кәсіпорын жұмыс істеуде. Энергетика және жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық коммуникациялық технологиялар, көлік, құрылыс және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы компаниялармен бірқатар жобалар пысықталуда.

Кездесу нәтижесінде ақпанның екінші жартысында Алматы қаласына Португалияның Сауда-өнеркәсіп палатасының қамқорлығымен португалдық компаниялардың іскерлік миссиясын өткізу жөніндегі келісім қайта расталды. Сонымен қатар, 2020 жылдың 2-ші жартысында Лиссабон қаласында Қазақстан-португалдық сауда-инвестициялық форумын өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.


1834 жылы құрылған CCIP Португалиядағы бизнесті қолдаудың ең көне бірлестігі. 1 мыңға жуық компания CCIP мүшесі. Жыл сайын палата 5 мың кәсіпорынның қатысуымен 120-дан астам іс-шара ұйымдастырады.


Қосылған : 15.01.2020, 19:10, Өзгертілген : 15.01.2020, 19:10