Нұр-Сұлтан және Братислава: саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайту бағытында

БРАТИСЛАВА, 2020 жылғы 14 қаңтар – Словак Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчак бүгін жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшісі Роман Василенконы қабылдады.

Словакия сыртқы саяси ведомствосының басшысы 2019 жылы Қазақстанның Словакиядағы дербес Елшілігінің ашылғаны мен резиденциясы Братиславада орналасқан Елшінің тағайындалуының зор маңыздылығын атап өтті. Осыған орай, Р.Василенко Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елшілік ашу туралы шешім қабылдау кезінде екіжақты ынтымақтастықтың қомақты келешегімен қатар, Словакияның тұрақты өсіп келе жатқан халықаралық беделін де ескергенін ерекше атап өтті. Бұған Словакияның ЕО Кеңесіне (2016 ж.), «Вышеград тобына» (2018-2019 жж.), ЕҚЫҰ-ға (2019 ж.) сәтті төрағалық етуі, еуропалық интеграциялық жобаларға белсенді қатысуы, бірқатар халықаралық мәселелерді реттеуге қосқан үлесі және т.б. ықпал етті.

Сұхбаттасушылар Қазақстанның Словакиядағы Елшілігінің ашылуы саяси диалогтың дамуына септігін тигізіп, сонымен қатар өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне жағдай туғызатынына сенім білдірді. Словак компанияларында Қазақстан экономикасын дамыту индустриялық-инновациялық бағдарламаларын одан әрі іске асыру барысында өзара тиімді пайдаланыла алатын және оны жаңғырту мақсаттарын шешуге себепкер бола алатын тиісті технологиялардың, ноу-хаудың, идеялар мен бастамалардың бар екендігі атап өтілді.

М. Лайчак және Р. Василенко ү.ж. 21-22 қаңтарда Нұр-Сұлтан қ. өтетін Қазақстандық-словак экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) алдағы 8-отырысының маңыздылығын атап өтті. Іс-шара барысында тараптар түрлі саладағы, соның ішінде энергетика, инвестициялар, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, қоршаған ортаны қорғау, білім, ғылым, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың ахуалы мен келешегін қарастырмақ.

Сұхбаттасушылар сондай-ақ ынтымақтастықты дамыту үшін «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ мен «SARIO» Словак инвестициялар және сауданы дамыту агенттігінің ҮАК шеңберінде ү.ж. 21 қаңтарда ҚР СІМ ғимаратында 20-дан астам словак компанияларының қатысуымен ұйымдастыратын қазақстандық-словак «дөңгелек үстелдің» маңызына тоқталып өтті.

Кездесу барысында М. Лайчак Қазақстан жаңа Елшісінің сенім грамоталары көшірмелерін қабылдап, 2020 жылға арналған екіжақты байланыстар кестесін талқылады. Тараптар ынтымақтастықты барынша кеңейтуге және нығайтуға деген өзара ниеттерін растады.

Сұхбаттасушылар сонымен қатар жуық арада Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің толық күшіне енетінін және өткен жылы ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясының қабылдағанын ескеріп, екі елдің Қазақстан мен Еуропалық Одақ өзара іс-қимылы мәнмәтініндегі қолайлы ынтымақтастығының келешегін атап өтті.

Қазақстанда 40-тан астам словак компаниясы жұмыс істеуде. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 61 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстанда Словакия азаматтары үшін визасыз тәртіп орнатылған.


Қосылған : 14.01.2020, 21:50, Өзгертілген : 14.01.2020, 21:50