Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні шет елдерде ерекше атап өтілді

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні әлемнің әр түкпірінде кеңінен және ерекше аталып өтті.

Осылайша, Мәскеуде, Вильнюсте, Бельгияда, Бразилияда, Тегеранда, Бакуда, Венада, Стамбулда, Эр-Риядта, Мехикода, Тбилисиде, Ригада, Будапештте және Қазақстанның басқа да шетелдердегі мекемелерінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өтті.

Мерекенің стилі, атмосферасы мен динамикасы қазақ қонақжайлығының үздік дәстүрлеріне сәйкес ұйымдастырылды. Бірнеше сағатқа қонақтар салтанатты іс-шараларға арналған түрлі фотокөрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық тағамдар арқылы ұлттық колоритке еніп, Қазақстанда болғандай күй кешті.

Эр-Риядтағы Елшілік пен Джиддадағы Бас консулдық бірлесіп Тәуелсіздік күні мен Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 25 жылдығына орай Қызыл теңізде Қазақстанның туын орнатты.

Норвегияның Ставангер қаласында Қазақстан Елшілігі Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік эпицентрі» кітабының тұсаукесері және «Әмре» көркем фильмінің көрсетілімін ұйымдастырды.

Сан-Франциско қаласында Ұлттық Әнұранның орындалуымен қала мэриясы ғимаратының үстінде Қазақстан Республикасының туын көтеру рәсімі өтті. 

Мұндай іс-шара АҚШ-тың батыс жағалауында алғаш рет өтуде. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Сан-Франциско мэрі Лондон Н. Брид 2019 жылғы 16 желтоқсанды Қазақстан-Америка Достық күні деп тану туралы мәлімдемеге қол қойды.

Тель-Авивтегі журналистер үйінде Қазақстан Елшілігі Қазақстан және Орталық Азия репатрианттарының ұйымының атсалысуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді.

Сарапшылар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи елдің қалыптасуы мен дамуындағы ерекше рөлін атап өтті.

Үнді астанасында белгілі қазақстандық «Сармад» тобы өнер көрсетіп, тыңдаушыларды қазақ фольклор өнерімен тамсандырды.

Іс-шара барысында көрсетілген Қазақстан табиғатының сұлулығы мен Нұр-Сұлтан қаласының архитектуралық бейнесі қонақтардың ерекше қызығушылығына ие болды.

Түркия Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен ерекше құттықтауға бел байдап, Анкара символы болып табылатын – Атакул ғимаратын Қазақстан туының түсіне бояды.

Қазақстан мен Люксембург дипломатиялық қатынастар тарихындағы алғашқы салтанатты Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған қабылдау «Schéiss» Люксембург мәдени орталығында өтті. 

Қонақтарға мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, кеш «Artel» ішекті квартетінің орындауындағы қазақ және еуропалық шығармалармен, сондай-ақ «Eurasian Resources Group» компаниясының корпоративтік шығармашылық конкурстарының талантты қатысушыларының музыкалық нөмірлерімен безендірілді.

Лондонда өткен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада қазақстандық жас орындаушы Ержан Максим өз өнерін паш етті. Жас талант аудиторияны өзінің шығармашылығымен таңқалдырып, 2019 жылғы Халықаралық балалар Евровидениесінде екінші орын иеленуге себепші болған «Арманыңнан қалма» әнін орындады.

Загреб қаласында ҚР Хорватиядағы Елшілігі мен Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) ұйымдастырған мерекелік гала-концерт өтті. 

Хорват аудиториясы алғаш рет қобыздың, саздың және басқа да қазақтың ұлттық аспаптарының үнін естіді. Қазақ музыкалық нөмірлерінің арасында көрермендер «Тойбазар», «Желкілдек», Құрманғазының «Балбығым», Дәулеткерейдің «Кероғлы» секілді және т.б. халық әндерін тыңдады. Хорват көрермендері Маңғыстау облысының «Жорға» және «Ақжарма» шығармашылық ұжымдарының орындауында халық әндері мен билерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Загреб музыкалық академиясының «МУЗА» концерт-холлының сахнасында өткен музыка мерекесі тыңдаушылардың жүрегіне жетті.


Қосылған : 17.12.2019, 21:20, Өзгертілген : 17.12.2019, 21:20