Қазақстан-Румыния қарым-қатынастары: 2019 жыл нәтижелері

«Румыния президенті Клаус Йоханнсен екіжақты қазақстан-румын байланыстарын тереңдету үшін барлық шараларды қабылдау қажет деп санайды». Бұл туралы 19 желтоқсанда ҚР СІМ-де өткен брифингте Қазақстан Румыниядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов өзінің Румынияның жаңадан сайланған Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі жайлы баяндау барысында атап өтті. Елші осылайша екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы жаңа кезең ашылатынын атап өтті. 

Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 27 жыл бұрын қаланған. Сол кезден бастап екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланды. Екі елдің халықаралық бастамаларын тұрақты түрде өзара қолдауы ерекше қуантады. Елші 2019 жылдың бірінші жартысында Румынияның ЕО Кеңесінде төрағалық етуі барысында ЕО-ОА күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге бағытталған Орталық Азия бойынша ЕО-ның жаңартылған стратегиясы қабылданғанын атап өтті. 

Румыния Қазақстанның оңтүстік-шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі болып табылады. 2019 жылдың 9 айында елдер арасындағы сауда айналымы 1,337 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның басым бөлігін Қазақстаннан шикі мұнай экспорты құрайды. Энергетикалық әріптестікті дамытуға «ҚазМұнайГаз Интернейшнл» («Ромпетрол») компаниясы елеулі үлес қосуда. Н. Рүстемов румын тарапының Қазақстанмен сенімді және достық қарым-қатынастарды нығайтуға ниеті осы жылдың 5 желтоқсанында румын билігінің «Ромпетрол» компаниясының бұрынғы иелерінен қалған қарыз бойынша шешімін қабылдауымен расталатынын атап өтті. 

Сонымен қатар, Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыру жөніндегі жұмысты жандандырмақ. Бұл үшін бірқатар бағыттар бойынша перспективалар бар. Атап айтқанда, Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ірі жеке темір жол көлік компаниясы «Грампет Груп» Қазақстан аумағында жүк темір жол вагондарын өндіру және жөндеу бойынша бірлескен кәсіпорын салуды инвестициялауға мүдделі. Сондай-ақ, 2018 жылдың қыркүйегінде «Грампет Груп» компаниясының Транскаспий халықаралық көлік бағытына қосылған алғашқы еуропалық компаниясы болғаны да маңызды. 

Бұдан басқа, Бухарест қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасымен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында машина жасау және темір жол саласы үшін қосалқы бөлшектер өндірісі саласында бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімге қол жеткізілді. 

Сондай-ақ, қазақстандық «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен румындық «Нуклеарэлектрика» арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жеткізілді. 

Екіжақты қатынастарды, оның ішінде туризмді жандандыруды дамыту мақсатында румындық «Blue Air» авиакомпаниясымен тікелей авиарейстерді ашу мәселесі бойынша келіссөздер басталды. Румын тарапы 2020 жылы Нұр-сұлтан мен Бухарест арасында тестілік ұшуларды өткізуді ұсынды. 

Қазақстан мен Румынияның мәдени-гуманитарлық байланыстары да оң қарқынмен дамуда. Румыния 2016 жылдан бастап жыл сайын жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар және ғылыми-техникалық мамандықтар бойынша қазақстандық студенттерді оқыту үшін гранттар ұсынады. 

Екі ел халықтарының арасында сенімді және достық қарым-қатынас орнатуға «Штефан Великий» (Алматы), «Дачия» (Қарағанды), «Буковина» (Павлодар) ұлттық-мәдени қоғамдары елеулі үлес қосуда. 

Бухарест, Констанце және Клуже қалаларында қазақ киносының жыл сайынғы күндерін өткізу дәстүрге айналды. Биылғы жылы Румын көрермендері «Қазақ хандығы. Алтын трон», «Шынырау» және тағы басқалары секілді қазақ киноматографиясының туындыларымен танысты. 

2019 жылдың шілде-тамыз айларында Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі Румынияның ірі қалаларында – Бухарест, Констанце және Васлуй концерттік турне өткізді. ҚР тәуелсіздік күніне орай, біздің республикамыздың танымал мәдениет қайраткерлері-композитор Төлеген Мұхамеджанов, Опера әншісі Нұржамал Үсенбаева, тенор Нұржан Бажекенов румын теноры Калин Братескумен бірге өнер көрсетті.


Қосылған : 19.12.2019, 21:20, Өзгертілген : 19.12.2019, 21:20