ҚР СІМ-де Тәуелсіздік күнін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 12 желтоқсан – Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу рәсімі өтті.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев өзінің құттықтау сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың күш-жігері арқасында бүгін Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың дербес және беделді мүшесіне айналғанын атап өтті. «Қысқа тарихи мерзім ішінде Қазақстан халықаралық аренада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Біз әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық және геосаяси және геоэкономикалық күйзелістерге тұрақты иммунитеті бар өзара тиімді әріптестікті құра білдік. Елдің сыртқы периметрі бойынша көршілес мемлекеттермен «достық белдеуін» қалыптастырып, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі Кеңесі секілді халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп,өзімізді интеграциялық үдерістердің көшбасшысы ретінде көрсете білдік», - деп атап өтті Ш. Нұрышев.

Қазақстандық дипломат ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың еліміздің сыртқы саяси бағытын табысты құрудағы көрнекті рөліне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, ол 2019 жыл Қазақстан халқы үшін айтулы жыл екенін атап өтті. Биыл Қазақстанда биліктің бейбіт транзиті болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның заңды басшысы болып сайланды.

Ш. Нұрышев министр Мұхтар Тілеубердінің және жеке өз атынан Сыртқы істер министрлігінің ұжымына елдің сыртқы саяси басымдықтарын іске асыруға қосқан үлесі мен елеулі жұмысы үшін алғысын білдірді.

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Қазақстанның дипломатиялық қызметінің бірқатар ардагерлері мен қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды: «Құрмет» орденімен ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов, СІМ Жауапты хатшысы Нұрлан Сейітімов және Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Айгүл Құспан марапатталды; «Ерен еңбегі үшін» медалімен ТМД департаментінің директоры Уәлихан Төреханов, КҚД директоры Тауболды Үмбетбаев, ТүркПА Бас хатшысының орынбасары Наурыз Айдаров, ТМД ПАА Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Асхат Нүсіпбай марапатталды; Қазақстан Президентінің Алғысымен және Сыртқы істер министрінің алғыс хатымен ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Алмаз Хамзаев марапатталды.

Сондай-ақ бірқатар қызметкерлер ҚР Премьер-Министрі мен ҚР Сыртқы істер министрінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына ие болды.

Іс-шара соңында ҚР Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған футболдан чемпионаттың жеңімпаздары мен үздік ойыншылары марапатталды.

Қосылған : 13.12.2019, 10:00, Өзгертілген : 13.12.2019, 10:00