Алматыда ОДМ бойынша Алғашқы өңірлік саммит өтуде

2019 жылғы 15-16 қараша күндері Алматы қаласында «Орнықты даму мақсаттарын іске асыру үшін қаржы құралдарын жұмылдыру» тақырыбында Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша Бірінші өңірлік саммит өтуде.

Азия Даму Банкінің және Қазақстандағы  БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылған саммитке халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының, Орталық Азия жоғары лауазымды тұлғалары, іскерлік орта, азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдары және сарапшылары, оның ішінде Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Қырғызстанның бұрынғы президенті және ОДМ белсендісі Роза Отунбаева мен басқалар қатысуда.

Іс-шара бағдарламасы 6 сессиядан тұрады: «ОДМ-ға арналған қаржыландыруды жұмылдыру: алшақтықтар мен мүмкіндіктерді анықтау»; «Планетаға назар аудару: су ресурстары, энергетика және климаттың өзгеруі»; «Серіктестікке назар аудару: өңірлік ынтымақтастықты нығайту»; «Су ресурстарын қаржыландыру»; «Энергетиканы қаржыландыру» және «климатқа тұрақтылықты қаржыландыру».

Кіріспе сөзінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов ОДМ шамамен 80%  Қазақстанның стратегиялық құжаттары мен бағдарламаларына енгізілгенін атап өтті. Қазіргі кезеңдегі басымдықтар ОДМ-ды іске асыру жолында жобалар мен ресурстардың тізбесін айқындау, бюджетті пайдалану және жеке секторды тарту болып табылады.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев ОДМ іске асыру бойынша халықаралық серіктестікті нығайтуға арналған тақырыптық сессияда сөйлеген сөзінде ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде барлық мүдделі тараптардың қатысуымен диалогты нығайтудың, сондай-ақ орнықты дамуды қаржыландырудың дәстүрлі қайнар көздерімен қатар жаңа донорлардың, қорлардың және жеке сектордың әлеуетін неғұрлым белсенді пайдалану маңыздылығын атап өтті.

Е.Ашықбаев Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жаһандық даму мақсаттарын жүзеге асыруға қолдау көрсететін БҰҰ аясындағы ОДМ үшін Өңірлік орталықты құру туралы Қазақстанның бастамасының уақытылы екендігіне атап көрсетті. Ол сондай-ақ Қазақстанның осы саладағы халықаралық бастамаларының, оның ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың БҰҰ-ға мүше елдердің әскери бюджеттерінің 1%-ын даму мақсаттары үшін бөлу туралы ұсынысының өзектілігін атап өтті.


Қосылған : 15.11.2019, 21:30, Өзгертілген : 15.11.2019, 21:30