Алматыда Орталық Азия Өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының кездесуі өтті

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Есірткі құралдары, психотропты заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша Орталық Азия Өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына (ОАӨАҮО) қатысушы мемлекеттердің өкілетті өкілдерімен және оның әріптестерінің байқаушы мемлекеттердің қатысуымен 2019 жылғы 14 қарашада Алматы қаласында өткен кездесудің ашылу рәсімінде сөз сөйледі.

Өз сөзінде қазақстандық дипломат ОАӨАҮО-ның есірткіні өндіру, тұтыну және заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықтың маңызды тетігі ретіндегі рөлін атап өтті.

Сондай-ақ, Алматы қаласына сапары барысында Е.Ашықбаев Интерпол – Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының Президенті Ким Чен Янмен кездесті. Кездесу барысында тараптар халықаралық қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстандық тарап халықаралық қылмысқа қарсы күресте Интерполмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, соның ішінде ОАӨАҮО мен Интерпол арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қызығушылық білдірді.

Қосылған : 15.11.2019, 19:15, Өзгертілген : 15.11.2019, 19:15