Ермек Көшербаев. СІМ-нің Қазақстанның инвестициялық сенімділігі мен тартымдылығын күшейту жөніндегі жұмысы

СІМ-нің Қазақстанның инвестициялық сенімділігі мен тартымдылығын күшейту жөніндегі жұмысы

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі бірінші күннен бастап инвестициялық ахуалды тұрақты жетілдіру және тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тарту мемлекеттің дамуында негізгі рөл атқаратындықтан стратегиялық инвесторлар үшін қолайлы және бірегей жағдайлар жасау арқылы оларды ел экономикасына тарту бойынша өзінің алдына келелі міндеттер қойды.

Инвестордың нарыққа келуі – бұл жаңа өндірістердің ашылуы ғана емес, сонымен бірге бюджетке қосымша ақша қаражатының түсуі, біздің азаматтарымызды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, олардың біліктілігін арттыру, жаңа технологиялардың, ноу-хаудың келуі және т.б.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Үкімет елдің инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша ауқымды өзгерістер жасады. Мәселен, Қазақстан өз көрсеткіштерін 8 позицияға жақсартып, Дүниежүзілік банктің «Doing Business-2019» рейтингінде 190 елдің арасында 28-орынды иеленеді.

Бүгінде Қазақстанға инвесторлар тартуға: инвестициялық әлеуеттің, тұрақты құқықтық жағдайлардың, ұсынылатын мемлекеттік жан-жақты қолдау шараларының, Еуразиялық кеңістіктегі аса ірі нарықтың, ел арқылы транзиттік көлік жолдарының белсенді дамуының және т.б. болуы ықпал етеді.

Біз белсенді бастамашылмыз, біз инвестор Қазақстанға қашан қызығушылық танытады деп күтпейміз, оған өзіміз барамыз. Үкімет басым бағыттарды: инвестицияларды қайдан тартуға болатынын, оларды қалай және қайда жіберу керектігін нақты айқындады. Сол арқылы біз нақты елдерге, компанияларға назар аударамыз, ірі инвесторларды Қазақстан экономикасының басым салаларына тарту үшін нысаналы жұмыс жүргіземіз. Соның нәтижесінде, әлемдегі инвестициялық белсенділіктің іркілісіне қарамастан, Қазақстан бірнеше жылдар бойы қатарынан Орталық Азияға тартылған ТШИ бойынша көшбасшы болып қалып отыр. Мәселен, 2018 жыл ішінде инвестициялар бойынша көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда жоғары өсімді көрсетті: Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 2017 жылмен салыстырғанда 15,8%артты және 24,3 млрд. долларды құрады.

2005-2018 жылдары Нидерланды (85,2 млрд. доллар), АҚШ (36,3 млрд. доллар), Швейцария (23,2 млрд. доллар), Қытай (17,0 млрд. доллар), Франция (15,1 млрд. доллар) негізгі инвестор елдер болды.Тұтастай алғанда, шетелдік инвестициялар ағынының осындай оң серпіні Қазақстанның экономикалық өсу қарқынына қолайлы әсер етті.

Осы нәтижелермен тоқталып қалмай, біз инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Жыл басынан бері инвестициялар тартудың жаңа құралдарын қолдану жөніндегі, сондай-ақ капитал тарту бойынша жұмыс істеп тұрған жүйені толығымен қайта форматтау жөніндегі шаралар жүргізілді.

Министрлік сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлер кіретін үш деңгейлі жүйені қалыптастырды. Әрбір деңгейдің өзінің белгілі бір жауапкершілік аймағы бар.

1. Сыртқы деңгейде инвестор басым секторлар – қалай жұмыс істеу және кіммен ынтымақтасу қажеттігі туралы консультация алады. Бұл, бірінші кезекте әлеуетті шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу бойынша кеңейтілген мандат алған Қазақстан Республикасының шетелдегі елшіліктерінің жұмысын білдіреді.

2. Орталық деңгейде Сыртқы істер министрлігі және инвесторлар үшін бірыңғай терезе қызметін атқаратын Kazakh Invest компаниясы жұмыс істейді. Инвестор компанияға өтініш жасай отырып, барлық рұқсат ету құжаттарын, барлық қажетті көмек, бүкіл ақпаратқа және мемлекеттік қолдау шараларына қол жетімділік алады.

3. Өңірлік деңгейде облыс әкімдерінің арнайы орынбасарлары жұмыс істейді. Kazakh Invest компаниясының да өңірлерде өкілдері болады.

Ағымдағы жылғы ақпан айында СІМ дипломатиялық миссиялары бірінші басшыларының қатысуымен кеңес өткізілді, онда инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың жаңа форматы таныстырылды. Әрбір елшілік үшін нақты міндеттер қойылып, мынадай критерийлер бойынша тиімділік көрсеткіштері белгіленді:

- статистикалық деректерге негізделген көрсеткіштер(ТШИ жалпы ағынының, тауар айналымының көлемі, тіркелген бірлескен кәсіпорындардың саны;

- жаңа инвесторлар тарту (шетелдік компаниялармен кездесулер өткізу, ҚР-ға сапарлар ұйымдастыру, жобаларды іске асыруға жәрдемдесу, инвестициялық іс-шаралар);

- жұмыс істеп жатқан инвесторлармен жүргізілетін жұмыс (қайта инвестке ынталандыру мақсатында инвесторлардың көңіл-күйіне мониторинг).

Сыртқы істер министрлігінде инвестициялық-экспорттық қызмет мәселелері жөнінде екі күндік жиналыс. Астана қ., 2019 жылғы 21 ақпан

Бұдан басқа, Тікелей инвестициялар қоры құрылды. Қордың қызметі барынша перспективалы және қажетті салаларға нысаналы әрі нақты инвестицияларды жүзеге асырумен және ірі серпінді жобалардың іске асырылуын қолдаумен байланысты.

Көптеген елдерде өзін пәрменді даму институты ретінде көрсеткен тікелей инвестициялар қорларының жұмыс істеу қағидаты перспективалы жобалар іздестіруді, олардың тең инвесторлар (жеке меншік, корпоративтік, шетелдік) тарту негізінде қаржыландырылуын қамтамасыз етуді және бизнесті одан әрі ілгерілетуге жәрдем көрсетуді болжайды.

Сондай-ақ инвестициялар тарту бойынша кешенді экожүйе әзірленді. Біз экожүйені әзірлеу шеңберінде инвестордың Қазақстанмен танысуынан бастап жобаны іске асырғанға дейінгі жүріп өткен бүкіл жолын, оның мақсаттары мен осы кезеңдерден өту жолында тап болған сын-тегеуріндерін зерделедік.

Кешенді экожүйені және алға қойылған жаңа міндеттерді ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп Ұлттық инвестициялық стратегия мемлекеттік бағдарламасы және мынадай: заңның үстемдігі (Rule of Law), инфрақұрылымға қол жетімділік, валюталық реттеу, көші-қон заңнамасын жетілдіру, инвестициялық преференцияларға қойылатын талаптарды азайту бағыттары бойынша бірқатар өзгерістер көзделетін инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді.

Бұдан басқа, инвестициялар тартуға арналған 40 басым елдер айқындалды. Негізгі акцент АҚШ, Германия және Жапония бағытына жасалатын болады.

Жыл сайын көптеген инвестициялық, оның ішінде бизнес-форумдар мен дөңгелек үстелдер форматтарындағы іс-шаралар өткізіледі. СІМ шетелдік сапарлардың шеңберінде инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланатын форумдар өткізеді. Шетелдік бизнестің капитандарымен және көшбасшыларымен дөңгелек үстелдер өткізіледі, онда олардың Қазақстандағы жұмысының перспективалары мен мүмкіндіктері таныстырылады.

Жыл басынан бері Министрлік Германия, Швейцария, АҚШ, Венгриямен, Қытай, Финляндия, Мысыр, Өзбекстан, Испания, Польша, Корея, Франция, БАӘ, Иордания, Зимбабвемен 16 инвестициялық іс-шараөткізді, KGIR-2019 халықаралық инвестициялық форумы өткізілді.

Сонымен бірге, жұмысты ұлттық деңгейде үйлестірудің қосымша механизмдері қабылданды. Премьер-Министрдің төрағалық етуімен Үйлестіру кеңесі құрылды, оның құрамына негізгі мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың басшылары және сот және күштік құрылымдардың өкілдері кірді. Кеңес ірі және орташа инвесторлардың мәселелерін қарайды және олар бойынша шешімдер қабылдайтын болады.

Бұл ірі стратегиялық инвесторлар тарту жөніндегі мәселелерді жедел көтеруге мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралар шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға оң әсерін көрсетіп те үлгірді. Мысалы, шетелдегі мекемелер бастамашылық жасаған 650 жуық жаңа компаниялармен өткен кездесулердің нәтижесінде іске асыру үшін жоғары әлеуеті бар 78 жоба айқындалды. Олардың ішінен: ирригациялық машиналар жасау (АҚШ), ЖЭК жөніндегі жобаларды іске асыру (Испания), ет комбинатын салу (Франция), құрастырмалы модульдер жасау (Түркия), электролиттік марганец өндіру (Қытай), брондалған техника жасау (Канада), көмірден брикеттер өндіру (Ұлыбритания), КМК жобаларын іске асыру (Катар) және т.б. сияқты жобалар бойынша іске асырылатын бағыттарды атап өтуге болады.

Тұтастай алғанда, шетелдік инвестициялар тартуда біз өзіміздің отандық компаниялар мен шетелдік бизнестің арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етеміз. Біздің қол жеткізілгендермен тоқтап қалмайтындығымызды атап өту қажет. Дамыған елдердің озық практикаларын және ЭЫДҰ ұсынымдарын ескере отырып, инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жаңа тәсілдемелер Қазақстан үшін өз жемісін береді және жұмыс істеп жатқан инвесторлардың елде болуы үшін және шетелдік жаңа әріптестер тарту үшін барынша қолайлы жағдайлардың жасалуын қамтамасыз етеді.

_______________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ.Ермек Көшербаев − Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары.

1988 жылдан бастап Қазақ КСР-інің СІМ, ал кейіннен ҚР СІМ жүйесінде жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, Көпжақты ынтымақтастық департаментінің Азия қауіпсіздігі бөлімінің бастығы, ҚР Премьер-Министрінің көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы қызметтерін атқарды.

І сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.

Қосылған : 17.07.2019, 11:15, Өзгертілген : 17.07.2019, 11:15