Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөзі

Астана қаласы, Тәуелсіздік сарайы

Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі

Құрметті делегаттар және съезд қонақтары!

Қадірлі партияластар!

Баршаңызды «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді.

Тарих өлшемімен қарағанда бұл – көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге бара-бар.

Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті.

Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды.

Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік.

Осындай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды.

Сындарлы жылдарда жанымнан табылып, биік белестерді бағындыруға атсалысқан партияластарыма алғысымды білдіремін.

Мен бүгін өздеріңізбен бірге атқарған жұмысымызды қорытындылап, болашақ бағдарымыз туралы ой бөліссем деймін.

Ең алдымен, қол жеткізген жетістіктерімізді айшықтайтын нақты фактілерге тоқталайын.

Еліміздің экономикасы айтарлықтай өсті.

Сыртқы сауда айналымының көлемі 9 еседен астам артты.

Қазақстанға шетелден 320 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылды.

Азаматтарымыздың кірісін 16 есе көбейттік.

141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды.

Бүкіл елімізде әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерді.

1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды.

Мұның бәрі – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі.

«Нұр Отан» мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді.

Құрметті әріптестер!

«Нұр Отан» – толағай табыстың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы.

Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси ерік-жігеріміз бар.

Мемлекеттің қуаттылығы экономиканың даму қарқынымен және тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенеді.

Сондықтан, мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді.

Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік.

Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім!

Бас партия болу дегеніміз – басқару емес, елге адал қызмет ету!

Біз – халық бірлігінің партиясымыз.

Бүгінгі съезд Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына бауырымыз бүтін, аман-есен, мол табыспен жете берейік!

Әрекет ететін кез келді, ағайын!

Алға, «Нұр Отан»!

Алға, Қазақстан!

Қосылған : 27.02.2019, 16:15, Өзгертілген : 27.02.2019, 16:15