БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретіндегі Қазақстанның жұмысын жоғары бағалайды

АСТАНА, 2018 жыл 12 қаңтар – БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча Орталық коммуникациялар қызметінде өткен қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуінің маңыздылығы туралы айтты.

БҰҰ жоғарғы өкілінің айтуынша, осы айда Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінде айрықша рөл атқаратын болады. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы отырыстарды шақырып, күн тәртібін ұйымдастырады және Кеңес атынан сөйлейтін болады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін ядролық қарусыздану және сенім шараларын нығайту жөніндегі кездесу, сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстан жөніндегі министрлік пікірталастары келесі аптада болатын маңызды іс-шаралар екені туралы айта отырып, М. Енча Қазақстан болашаққа қауіп төндірген маңызды мәселелерді шешуге нақты үлесін қосатынын атап өтті. «Менің ойымша, Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға маңызды үлес қосқан ел ретінде өз рөлін тиімді пайдаланып жатыр. Бұл - ядролық қарусыздану, Семей ядролық полигонын жабу, осы өңірде ядролық қарудан азат өңірді құру мәселелері. Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн бекітілді. Қазақстан өз қызметін осы бағытта жалғастыруда», - деді БҰҰ өкілі.

М. Енча Қазақстанның Президенті Н. Назарбаевтың шиеленістің артуына және ядролық қарудың таралу қаупіне қарамастан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» брифингіне жеке қатысуы Қазақстанның аталған жаһандық мәселеге ерекше назар аударатындығын білдіреді деп атап өтті. «Ядролық қарудан өз еркімен бас таратқан Қазақстан және мемлекет басшысы ядролық қаруды таратпау мәселесінде жоғары беделге ие және жаһандық деңгейде ядролық қарусыздандыру тақырыбын қолдайды.

«Басқа өңірлерде осындай қадамдарды көргім келеді», - деді М. Енча. Сондай-ақ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес Қазақстанның бастамасымен құрылғандығын еске салды.

БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Қазақстанның Сириядағы қақтығысты реттеудегі қосқан үлесі туралы баяндады. «Астана процесінің Сириядағы қақтығысты шешуге қосқан үлесі зор. Бұл шиеленістің азаюы, деэскалация аймақтарын құру болып табылады. Ең бастысы, бұл кездесулер Женевада БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Стаффан де Мистура басшылығымен өтетін осы мәселені шешудегі саяси процесті қолдайды», - деп атап өтті Мирослав Енча.

Сонымен қатар, онлайн-брифинг барысында БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілдері сөз сөйледі, олар журналистерге Ұйымның және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми сайтындағы жаңашылдықтар мен ерекшеліктер туралы баяндады. Олар БҰҰ іс-шараларын онлайн режимде көрсету мүмкіндіктерін баяндады.

Қосылған : 12.01.2018, 18:30, Өзгертілген : 12.01.2018, 18:30