Афинада Қазақстанның Тәуелсіздік күні аталып өтті

2018 жылғы 7 желтоқсанда Афинада Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен еліміздің Тәуелсіздік және Тұңғыш Президенті күндеріне орай дипломатиялық қабылдау ұйымдастырылды.

Қаланың «Синтагма» орталық алаңында орналасқан «Grande Bretagne» тарихи қонақ үйінде өткен іс-шараға Қазақстанның көптеген достары, яғни Грекияның беделді саяси, академиялық, іскерлік топтарының мүшелері, болу елінің қоғамдық және мәдени қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар, шақырылған меймандар қатарында дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйым басшылары, және де бұрынғы отандастарымыз бен қазақ диаспорасының өкілдері болды.

Салтанатты кештің ашылу рәсімінде алғы сөз бастаған Қазақстан Елшісі Алексей Волков қонақтарға еліміздің 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік алғаннан бастап қол жеткізген экономикалық және халықаралық жетістіктері туралы баяндап берді. Отандық дипломат «мемлекетіміздің қысқа мерзім ішінде экономикасы қарқынды даму үстіндегі ел» екенін, сонымен қатар «Дүниежүзілік Банкінің «Doing Business» есебі бойынша «бизнесті жүргізу қолайлылығы» рейтингісіне сәйкес 28-і орынға көтерілгенімізді» ерекше атап өтті. Баяндалғанға қоса, Қазақстан аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан саяси және әлемдік экономикалық үдерістердің сенімді қатысушысына айналғандығы аталды. Осы мәнмәтінде мемлекетіміздің Елшісі Астананың 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Тұрақсыз мүше санатында атқарған жемісті жұмыстарына тоқталды.

Желтоқсан айында Тәуелсіздік күніне орай Грекияда дәстүрлі түрде өткізілетін Қабылдау жыл аяғын қорытындылауға мүмкіндік беретін күнтізбелік іс-шара болып есептелінеді. Осы орайда, Елші 2018 жыл - саяси, сауда және мәдени, сонымен қатар туристік байланыстарды нығайтудаға мүмкіндік берген сәтті кезең болғанын сөзге тиек етті. Бұл тұрғыда, А.Волков еліміздегі грекиялық диаспора мен болмыш елде ғұмыр кешетін біздің көптеген бұрынғы отандастарымыздың арқасында күшке ие Қазақстан мен Грекия арасындағы «отбасылық байланыстарды» дамытудың маңыздылығын айтты.

Баяндалғанға қоса, Грекия жұртшылығын Қазақстанмен таныстыру қадамдарының жалғасы ретінде салтанатты қабылдау ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған отандық суретші Евгений Кимнің «Қазақтардың өмір салты» атты көрмесімен ұласты.

Қазақстанның өткен көшпенді дәурені, сонымен қатар қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен шабыттанған Е.Кимнің туындылары мереке қонақтарының ерекше назарларына ие болды. Отандық суретшілеріміздің шеберлігі мен аса жоғары деңгейлеріне тамсанған меймандар мерекелік іс-шара барысында жылы ілтипат-ықыластарын көптеп білдірді.

Қосылған : 8.12.2018, 10:45, Өзгертілген : 8.12.2018, 10:45