​«Жас дипломат» жобасына қатысушылар «жасыл» энергетика мәселелерін талқылады

АСТАНА, 13 желтоқсан 2018 жыл – Тәуелсіздік күні қарсаңында Сыртқы істер министрлігінде «Жас дипломат» жаңа білім жобасының қорытынды отырысы өтті.

Елордалық №3, №4, №5, №6, №48, №75 және №81 жеті мектеп-гимназияларының оқушылары Астана қаласында аккредиттелген жеті дипломатиялық миссияларының өкілдерімен бірлесіп екі ай бойы «Болашақ энергиясы» тақырыбында БҰҰ моделінің ақтық отырысын өткізуге дайындалған болатын. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында қолға алынған бұл жоба аясында қала мектептерінің оқушылары мен шетелдік дипломаттардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар өтті. Мектеп оқушылары Бразилия, Германия, Грузия, Польша, Түркия, Жапония елшіліктеріне барып, Корей мәдени орталығын аралады. Өз кезегінде шетелдік дипломаттар қала мектептерінде оқушыларға өз елдері, олардың энергетика саласындағы саясаты және дипломатиялық қызмет жөнінде лекциялар мен кездесулер өткізді.

«Жас дипломат» жобасының финалында оқушылар жоба барысында өздері бірлесіп жұмыс істеген шетелдік дипломаттардың елдерінің атынан сөз сөйледі. Іс-шараның модераторлары ретінде Астана қаласы физико-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары болды. Қызу талқылаудың қорытындысында жас дипломаттар өзара мәмілеге келіп, энергияның жаңартылмалы көздері мәселесі бойынша ортақ қарар қабылдады.

Қонақтардың алдында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Жас дипломат» жобасының негізінде білімнің салтанат құруы және сананың ашықтығы сияқты құндылықтарды дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты идеялары жатқанын атап өтті.

Сонымен бірге, сыртқы саяси ведомствосының басшысы аталған жобаның ел Президентінің «Жастар жылы» аясында ерекше маңыздылыққа ие екендігін де тілге тиек етті. Министр мектеп оқушылары мен дипломатиялық миссиялардың өкілдеріне «Жас дипломат» жобасына белсене қатысқандары үшін алғыс білдіріп, оларға толағай табыс тіледі.

«Жас дипломат» жобасы Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен Астана қаласының, Білім және ғылым министрлігінің және БҰҰ Моделі Үйлестіру орталығының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Қосылған : 13.12.2018, 19:00, Өзгертілген : 13.12.2018, 19:00