Қазақстан Елшісі Сингапур Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

2019 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Елшісі Аркен Арыстанов Сингапур Президенті Халима Якобке Сенім грамоталарын тапсырды. 

Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың бірінші Премьер-Министрі Ли Куан Ю негізін қалаған елдер арасындағы достық қатынастарды нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.

Еліміздің дипломаты Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметін жеткізді.   Тараптар екіжақты құқықтық базаны нығайту, оның ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің күшіне ену және 2019 жылдың соңына дейін ЕАЭО мен Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздер процесінің аяқталуы қажеттілігіне ерекше назар аударды.   

Сингапур басшысы Елші А.Арыстановқа жаңа қызметінде сәттілік тілей отырып, сингапурлық тараптың екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға күш-жігерін салуға ұмтылысын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан басшылығымен белсенді сұхбаттасуға өз дайындығын жеткізді.

ФОТО: Сингапурдың Информация және коммуникация министрлігі 

Қосылған : 26.07.2019, 09:20, Өзгертілген : 26.07.2019, 09:20